Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылғанымен, егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымынан таймайды. Бұл жайында бүгін Ашхабадта өткен Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Тағы Мемлекет басшысы Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіріп, әлем елдерін Орталық Азиядағы экологиялық проблемаға назар аударуға шақырды. Нақтырақ айтқанда, Арал мен Каспий теңіздері суын қалпына келтіру жайы қозғалды.
Ашхабадтағы алқалы жиын. Әу баста сыртқы саясатта бейтараптықты ұстанған Түрікменстанның бұл позициясына биыл 30 жыл. Бұл БҰҰ деңгейінде заңдастырылған мәртебе. Сондықтан да Каспийдің ар жағында өтіп жатқан форумға Еуропадан бастап Африкадан да ат терлетіп келгендер бар.
Форумда сөз алған мәртебелі меймандардың қатарында Қазақстан Президенті де бар. Мемлекет басшысы қазіргі алмағайып заманда бейбітшілік пен келісім маңызды екеніне тоқталды. Қазір жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Күмәнді ережелерді алға тартып, бағзыдан бекіген халықаралық құқықтың мызғымас қағидаттарын әлсіретіп жатқандар да баршылық. Бұл ретте, әрине, әлемде баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігі төмендеп отыр. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға реформа жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды.
Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Президент әлем кикілжің мен ядролық қауіптен бас тартып, бейбітшілік және сенімге сүйенгенде ғана әділет орнайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты.
Таяу Шығыстағы ахуал да адамзатты алаңдатпай қоймайды. Басты міндет – бітімге келу. Сондықтан да Қазақстан өткен айда Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдаған. Бұл еліміздің осы аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Бірақ Палестинаның егеменді ел болу ниетіне қатысты Қазақстанның ұстанымы өзгермеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп үміттенеміз.
Ұзақ жылдар бойы соғыстан көз ашпаған ауған халқына да көмекті жалғастыру қажет. Бұл ретте Президент Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы аймақтық ынтымақтастықты үйлестіретін маңызды алаңға айналғанына тоқталды. Сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес те өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда өз маңызын дәлелдеп отыр. Ал 20 жылдан астам уақыттан бері әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосу өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бірегей платформаға айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяуда Астанада өткен VIIІ съезде Қазақстан «Бейбітшілік қозғалысы» деп аталатын бастама көтерді. Бұл шын мәнінде қантөгісті тоқтатуға, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, бітімге келу жолын іздеуге үндеу еді. Қазақстан ШЫҰ жұмысына белсене атсалысады. Бұл Еуразиядағы қауіпсіздік пен сенім шараларын қамтитын, көпжоспарлы әрі конструктивті күн тәртібі бар беделді және табысты ұйым.
Қазір әлемде геосаяси шиеленістің өршуі, халықаралық санкциялардың көбеюі, сауда тізбегінің бұзылуы жиі көрініс табады. Бұл құбылыстың салдары әлем экономикасы үшін ауыр тиеді. Бірақ жұмыла әрекет еткен Орталық Азия бестігі қиындықты оңай еңсеріп жатыр. Мәселен, ел экономикасы биыл 6%-тен асты. Бірақ аймақта өзге экологиялық проблема өте өзекті болып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Су тапшылығы үлкен проблемаға айналып келеді. Бұл ресурсты сақтау әрі ұқыпты пайдалану – еліміз бен аймақтағы өзге де мемлекеттер үшін стратегиялық, тіпті өмірлік маңызы бар басымдық. Өзге елдерде де солай деп ойлаймын. Трансшекаралық суды пайдалану проблемасын, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық ахуалды уақыт оздырмай шешу мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажет. Біздің пікірімізше, өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арттыруға болады. Ресей қор жұмысына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін.
Маңызды проблеманы айта келе, Президент БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Қазір тек су мәселесімен айналысатын арнайы құрылым жоқтың қасы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, жаһандық су дипломатиясын дамыту үшін мемлекеттер арасындағы үйлесімді ықпалдастық шешуші рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Ашхабад форумы елдер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, әділетті әлемдік тәртіпке ұмтылған халықаралық бастамаларға серпін беретініне сенім білдірді. Бұдан бөлек жиында Түрікменстан, Ресей, Түркия, Иран президенттері де сөз сөйлеп, өз пікірлерін айтты.
Авторы: Риат Шони