«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) Өзбекстан темір жолдарымен бірлесіп кезекті «Keruen Express» туристік пойызын ұйымдастырды. Жоба екі ел арасындағы мәдени және туристік байланысты нығайтуға бағытталған.

Алматыдан жолға шыққан 130-дан астам жолаушы «Алматы – Түркістан – Самарқанд – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша сапар шегеді. Тур 2026 жылдың 1–6 мамыры аралығында өтеді.

Туристік пойыз отандық өндірістегі заманауи вагондардан жасақталған: 4 купе вагоны және 1 вагон-мейрамхана бар.

Бағдарлама аясында қатысушылар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Отырар қалашығын, Самарқандтағы Регистан алаңын, Әмір Темір кесенесін, Ташкенттегі Хазірет Имам кешенін және басқа да тарихи-мәдени нысандарды аралайды.

Туристік пакетке пойызбен жол жүру, гидтердің сүйемелдеуімен экскурсиялар, кіру билеттері және трансфер қызметтері кіреді.

«Keruen Express» жобасы теміржол туризмін дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-тарихи байланысты кеңейтуге ықпал етеді. Биыл бұл бағыт бойынша ұйымдастырылған екінші туристік сапар.