Қорғаныс министрі ардагерлермен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.
Әуе қорғанысы күштерінің 19132 әскери бөлімінде қорғаныс ведомствосының басшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілердің отбасыларының қатысуымен өткен Жеңіс күніне арналған іс-шараға қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Халық қаһармандары – армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майорлары Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов, Қарулы күштердің ардагерлері авиация генерал-майорлары Жиентай Сандыбаев пен Алсай Жұманов, генерал-майор Қайрат Садықов және басқалар мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары болды.
Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне құрмет ретінде қорғаныс ведомствосының басшысы мен ардагерлер аумаққа ағаш көшеттерін отырғызды.
– Соғыс жылдарында 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысы майдан даласынан оралмады. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері аға буынның ерлігін лайықты жалғастырып келеді. Армияның миссиясы – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту және қазақстандықтардың бейбіт өмірін қорғау. Біз мұны абыроймен атқаруымыз керек, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Іс-шара қонақтары ұшу және техникалық құрамдардың әскери киім үлгілері көрмесімен, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен танысты. Бөлім аумағына қойылған ЕС-145 және Ми-171 тікұшақтары, Ан-72 және С-295 ұшақтары, Т-34 және Т-72 танктері, БМ-13 "Катюша" реактивті жүйесі, БТР-82 бронетранспортері, "Арлан" БКМ және т.б. техника балалар мен оқушылардың қызығушылығын тудырып, олар солардың фонында суретке түсті.
Іс-шараға қатысушылар үшін ауқымды бағдарлама ұйымдастырылды. Қол күресі, қазақ күресі, бокс, гір тасын көтеру, арқан тарту және белтемірге тартылу бойынша жарыстар өтті. Жарыстан кейін қонақтар сарбаз ботқасынан дәм татты.
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерт бағдарламасында патриоттық композициялар мен соғыс жылдарындағы әндер орындалды.
Құрмет қарауылы ротасының қойылымы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Олардың іс-қимылдарындағы үйлесімділік пен саптық дайындықтың жоғары деңгейі көпшілікті таңғалдырды.
Ашық есік күні спорттық жарыстар мен асфальтқа сурет салу байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталды. Іс-шара ардагерлерге құрмет пен Отан қорғаушы ұрпақтар сабақтастығының символына айналды.