Атырау облысының Жангелдин ауылында болған бір отбасының төрт мүшесінің қазасына қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Іс облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың қарауына берілген, деп хабарлайды Egemen.kz.


Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев өз әйелінің туыстарын – қайын атасын, қайын енесін, сондай-ақ әйелінің ағасы мен әпкесін өлтірді деген күдікке ілінген. Алғашқы ашық сот отырысы бүгін сағат 11:00-ге белгіленіп, істі судья Зарема Хамидуллина қарайды.

Қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Бұған дейін, 2025 жылдың желтоқсанында марқұмдардың туысы полицияға жүгініп, Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында тұратын ағасы мен оның отбасы хабарсыз кеткенін айтқан.

Тергеу барысында олардың қараша айында үйден шығып кеткеннен кейін қайта оралмағаны анықталды. Кейін олардың телефон сигналдары Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен, соңғы рет Шымкент қаласынан тіркелген.

2026 жылдың қаңтарында ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылса, кейінірек тағы екі адамның мәйіті Атырау маңындағы Геолог ықшамауданынан анықталған.

Тергеу мәліметінше, күдікті отбасы мүшелерімен бірге үй жалдап тұрған. Оқиғаға қатысты күдікті халықаралық іздеу жарияланып, ол кейін Индонезияда ұсталған.

Полиция дерегіне сәйкес, іс «адам өлтіру» және «ұрлық» баптары бойынша тергеліп жатыр. Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Күдікті өз кінәсін мойындаған және қазіргі уақытта тергеу изоляторында отыр.