Қазақстанда халықаралық әуе бағыттарының саны артып жатыр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында биыл елдегі әуе компанияларының паркіне тағы 6 ұшақ қосылатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Министрдің сөзінше, әлемде ұшақ тапшылығы күшейген. Қазір жаңа ұшаққа тапсырыс берген компаниялар оны 8–10 жылдан кейін ғана ала алады.

Соған қарамастан, қазақстандық әуе тасымалдаушылар жаңа бағыттарды іске қосып жатыр. Биыл Алматы–Шанхай, Астана–Ереван, Атырау–Ташкент және Ақтау–Ереван рейстері ашылған. Ал жыл соңына дейін тағы 11 халықаралық бағытты ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, былтыр қазақстандық компаниялар америкалық Boeing өндірушісімен 15 млрд долларлық келісім жасаған. Биыл үш жаңа ұшақ сатып алынған. Оның екеуі жақында SCAT Airlines әуе компаниясына жеткізілді.

Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық әуе компаниялары 15 млн жолаушы тасымалдаған. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында жолаушылар саны 4 млн-нан асқан.