Cristiano Ronaldo Португалия құрамасымен 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатынын ресми түрде растады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған жаңа постында футбол жұлдызы Португалия сапындағы әр жылдардағы фотоларын жариялап, «Бұрынғыдай сол құштарлық пен мақтаныш. Алға, Португалия!» деп жазған. Желі қолданушылары бұл жазбаны Роналдудың ұлттық құрамадағы соңғы әлем чемпионатына дайындығы ретінде қабылдауда.
Себебі 41 жастағы шабуылшы үшін бұл мансабындағы алтыншы мундиаль болмақ. Осылайша ол әлем чемпионатына алты рет қатысқан тарихтағы санаулы футболшылардың қатарына енеді. Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес Роналдуды 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған кеңейтілген құрамға енгізгенін мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, тәжірибелі футболшы команда үшін тек ойыншы емес, көшбасшы әрі мотивация көзі саналады. Айта кетейік, Cristiano Ronaldo 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылғы әлем чемпионаттарында Португалия намысын қорғаған.
Ал 2026 жылғы турнир АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.