Сенат отырысында әскери есепті цифрландыру, медициналық комиссиялардың жұмысын жетілдіру және ЖИ элементтерін енгізу мәселелері қаралды.
Астанада Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтіп, әскерге шақыру науқанын ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Сенат депутаттары, Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар, Цифрлық даму министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин әскери қызметтің жастарды жауапкершілікке, тәртіпке тәрбиелейтін маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, әскерге дейінгі жастармен жүйелі жұмысты күшейту қажет.
Отырыста көктемгі әскерге шақыру науқанын өткізу, әскери-дәрігерлік комиссиялардың жұмысын жетілдіру, инфрақұрылымды жаңарту, әскери есепке алу жүйесін цифрландыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.
Қатысушылар елордалық жинау пунктінің жұмысымен де танысты. Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Балтеміров қазіргі таңда Қарулы күштерді жасақтау аяқталғанын, ал 25 мамырдан кейін Ұлттық ұлан бөлімдерін жасақтау басталатынын айтты. Әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады.
Кездесуде шақырылушылардың денсаулығын тексеру сапасын арттыру, психологиялық диагностиканы жетілдіру және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар әскери есепке алу жүйесіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары оң бағаланып, IT және киберқауіпсіздік саласындағы жас мамандарды әскери қызметке тартудың маңыздылығы айтылды.