Түркия-Ресей-Украина форматындағы үшжақты отырыс бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 13:00-де Стамбұл қаласында басталады деп күтілуде, деп хабарлайды АА.
Түркия Сыртқы істер министрлігіндегі дереккөздер хабарлағандай, келіссөздерге Түркияның Ұлттық барлау ұйымының (MİT) басшысы Ибрагим Калын да қатысады.
Түркия мамыр айында Ресей мен Украина делегацияларын үш жылдан кейін алғаш рет бір үстел басына жинаған болатын. Енді 2 маусымда бұл ел Стамбұлда тағы да келіссөздер ұйымдастыруда.
Ресей делегациясын Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқарады. Украина тарапынан кездесуге қорғаныс министрі Рустем Умеров жетекшілік етеді. Келіссөздер жабық форматта өтеді.
Ресей делегациясы Украинаға өз меморандумын тапсыруға және оған қажетті түсініктемелер беруге дайын екенін мәлімдеді. Украина тарапы болса, оқ атуды тоқтату талабын алға тартып, бұл кездесуде мемлекет басшылары деңгейінде кездесу өткізу мәселесін көтермек.
Ресей мен Украина арасындағы алғашқы келіссөздер 16 мамыр күні Стамбұлдағы Долмабахче резиденциясында өткен еді. Қақтығысушы тараптар арасындағы екінші раунд 2 маусым күні сағат 13:00-де (Түркия уақытымен) Чыраған сарайында өтеді деп жоспарланып отыр.
Алғашқы кездесудің нәтижесінде тараптар «1000 адамға 1000 адам» формуласы бойынша ауқымды тұтқын алмасу жүргізуге, оқ атуды тоқтату мүмкіндігіне қатысты өз көзқарастарын егжей-тегжейлі баяндауға және келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.
Киев пен Мәскеу Стамбұлда келісілген тұтқын алмасудың 25 мамырда сәтті аяқталғанын мәлімдеді.
Бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы дипломатиялық күш-жігер аясында Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан келіссөздердің қарсаңында Мәскеу мен Киевке сапар жасап, Ресей мен Украина басшылары және жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізген болатын.