Ақтөбеде көпқабатты үйде болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Абай даңғылындағы баспананың үш кіреберісі жабық. Тұрғындар жақындарының үйіне және жоғары оқу орнының жатақханасына уақытша орналастырылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 6 пәтердің бүлінгенін айтады. Бұл әзірге оқыс оқиғаның алдын ала қорытындысы. Нақты шығын көлемі тиісті тергеу амалдарынан кейін мәлім болады.

Еске сала кетсек, кеше облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде жарылыс болып, өрт шықты. Оқыс оқиға салдарынан бір адам мерт болды.

Евгений Овчарский, ТЖД басқарма бастығы:

- Бұл оқиғаға қатысты ТЖД ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себептері қылмыстық іс аясында анықталады. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі газ-ауа қоспасының, яғни, табиғи газдың жануынан болып отыр.