Ресейде эзотерикалық қызметтер жарнамасына тыйым салынуы мүмкін.
Таро, нумерология сияқты қартамен бал ашудан бастап, түс жору қызметіне шектеу қою көзделіп отыр. Заң шығарушылар нарықтағы айналымы триллиондаған рубльге жететін бұл салаға тәртіп орнататын кез келді дейді.
Өйткені бақсы-балгер мен жалған психологтар қаптап кеткен. Бірақ ұсыныс заңгерлер мен сала мамандары арасында дау тудырып жатыр.
Ресей Мемлекеттік Думасы тылсым күш, бақсы-балгерлікті жарнамалауға тыйым салуды ұсынды. Мұның христиан, ислам, иудаизм және буддизм сияқты діндер мен өзге діни қауымдастықтарына еш қатысы жоқ. Тізімге алақанға қарап бал ашудан бастап медиумға дейінгі түрлі бағыттар кірген. Құжатта осындай қызмет көрсетушілердің санатына сандық психологтар да жатқызылған. Бұл адамдардың тұрғындарға психология мен нумерологияға жүгініп, қызмет көрсетуді кәсіпке айналдырғаны айтылады.
Андрей Свинцов, Мемлекеттік Думаның комитет төрағасының орынбасары:
- Егер адамдарға психологиялық қызмет көрсетумен айналысатын тұлғаның кәсіби білімі болмаса немесе жай ғана бір куәлік алып, өзін «психолог немесе нумерологпын» деп таныстырса, бұл дұрыс емес. Қазір мұндай құжатты ғаламтордан 40 сағаттық онлайн курстан өтіп алып, өзін психолог санайтындар көбейді. Міне, осындайларға тыйым салынады.
Биліктің айтуынша, бұл салада білімі мен біліктілігі жоғары кәсіби мамандар ғана қызметін жарнамалау құқығына ие болуы керек. Нутрициологтарға да осындай талап қойылмақ. Алайда құжаттағы кей ұсыныстар заңгерлер мен сала мамандарының қызу талқысын тудырып жатыр.
Антон Ивлев, заңгер, білім беру саласындағы бизнесті қорғаушы:
- Заңгер ретінде мені құжатта аталған мамандықтар тізіміне нейрограф, регрессолог, нутрициологтардың енуі алаңдатып отыр. Меніңше, бұл маман иелеріне шектеу енгізу дұрыс емес. Өйткені салауатты тамақтануды насихаттап жүргендердің бақсы-балгерлікпен қандай байланысы бар?
Бастамаға эзотерикалық қауымдастық өкілдері де күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуынша, мұндай тыйымдар тұрғындардың көріпкелдік немесе бал ашу сияқты түрлі оккульттік қызметке қызығушылығын төмендете қоймайды. Керісінше, көлеңкелі нарыққа итермелейді. Тіпті кейінгі зерттеу сұраныс артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Былтыр олардың аудиториясы 9,5 млн адамға жеткен. Бұған қоса, ресейліктердің тең жартысы астрология, бал ашу сияқты эзотерика қызметіне көп жүгінеді.
Максим Левин, экстрасенс:
- Бұл бұрыннан бар әдіс. Орта ғасырларда мұны жоюдың түрлі жолын жасап көрді. Шектеу тыйымдар астыртын әрекеттерге алып келуі мүмкін. Бірақ саланы жоя алмайды. Мемлекет қызметтің бұл түрін реттеп, салық салу арқылы табысын ұлғайтудың орнына, жойғысы келеді.
Заң жобасын ұсынушылар болса мақсатымыз саламен күресу емес, тұтынушылардың құқығын қорғау дейді. Ал сарапшылардың болжамына сәйкес, Ресейдегі эзотерикалық қызмет нарығы жылына 1 триллионнан 2,5 триллион рубльге дейін жетуі мүмкін.
Әсия Нұрлыбаева, Дана Нұржан