Елдегі алғашқы атом электр стансасын салу үшін халықаралық консорциум көшбасшысы болып ресейлік «Росатом» корпорациясы танылды. Бұл «Росатом» АЭС құрылысын жеке жүргізеді деген сөз емес. Консорциум шартына сай реакторды бірнеше елдің компаниясы бірлесіп салады.
Бірнеше фактор негізінде бағалау жүргізілді
Мемлекет еліміздегі тұңғыш АЭС-ті салу мәселесін ұзақ талқылады. Бұған халықаралық сарапшылар да тартылды. Ашық әрі бәсекеге қабілетті диалог нәтижесінде реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөз жүргізіліп, өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің тізіміне «Росатом», «China National Nuclear Corporation», «Électricité de France» және «Korea Hydro & Nuclear Power» компаниясы енді.
Тізімге кірген компаниялар елде АЭС салуға техникалық және коммерциялық ұсыныстан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынды. Онда келесі құрылыстың болжамды құны, жобаны іске асыру мерзімі, қаржыландыру моделі, жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері, кадр даярлау мен ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту бойынша ұсыныс, ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүмкіндіктері, әлеуметтік міндеттемелер мәселесі қамтылды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен француздық «Assystem» инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілді. Бағалау АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадр даярлығы, жергіліктендіру деңгейі мен өзге де көрсеткіштер негізінде іске асты.
Маңызды шешімдерді Қазақстан қабылдайды
Жоғарыда айтқанымыздай, консорциумде Қытай, Франция және Оңтүстік Корея корпорациялары да болады. «Росатом» консорциумның жетекшісі болып, негізгі техникалық және қаржылық жұмысты ұйымдастырады. Қалған үшеуі (Қытай, Франция, Корея) құрылыстың белгілі бір бөлігіне қатысып, технологиямен қамтамасыз етеді. Жоба аясындағы барлық маңызды шешімді еліміз өзі қабылдайды әрі бақылайды.
«Атом энергиясы жөніндегі агенттік «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен бірлесіп, «Аssystem» франциялық инжинирингтік компаниясының қатысуымен реакторлық технологияларға және әлеуетті вендорлардың басқа да ұсыныстарына орай ортақ шешімді жариялады. Халықаралық консорциумның көшбасшысы деп танылған «Росатом» – әлемдегі ядролық технологиялардың атасы болып саналады. Оның өте дамыған әрі тәжірибелі «атом мектебі» бар. Әлемдегі алғашқы атом электр стансасы 1954 жылы Обнинскіде жұмысын бастады. Айта кету керек, әлемдегі алғашқы ШН-350 шапшаң нейтронды өнеркәсіптік реакторы ресейлік технологиялар бойынша салынған және біздің Ақтауда, Каспий теңізінің жағасында жұмыс істеген», дейді «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Батырбеков.
Оның айтуынша, еліміз үшін қарастырылған барлық реакторлық технология тұтастай алғанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. 9 балдық максимал жобалық жер сілкінісіне төтеп бере алады және актив пен пассив қауіпсіздік жүйелері бар, ауыр апаттарды басқару жөніндегі шешімдер мен шараларды қамтиды. Сондай-ақ қос қорғаныш қабығы бар.
«Ресей мен Қытайдың халықаралық консорциумдарға қатысу тәжірибесі мол. Өйткені олар әртүрлі өндірушінің жабдықтарын бір жобада тиімді үйлестіре алады», дейді маман.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, салынатын АЭС-тің меншік иесі, операторы, уран шикізатын өндірушісі және барлық технологиялық үдерістердің иесі Қазақстанның өзі болады.
«Конкурс арқылы іріктеудің басты талаптарының бірі – стансаның отандық мамандар күшімен тәуелсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Атом технологиясы бойынша Ресейге тәуелділік тәуекелі өте төмен, іс жүзінде жоқ. Мұны толық жауапкершілікпен айта аламын. Бұл шарттар келісімшартта нақты бекітілген», деді А.Сәтқалиев.
Қытай технологиясына қызығушылық жоғары
Айтуынша, АЭС салуға ұсыныс білдірген қатысушылардың өзіне тән бірегей технологиялары бар. Дегенмен Қытай мен Ресей ұсынған жобалар объективті түрде ең мықты болып танылды.
«Қытай Халық Республикасымен атом саласындағы ынтымақтастық жөнінде жеке бас келісімге қол қою жоспарланып отыр. Біз Қазақстанда тағы бір атом электр стансасын салу үшін қытай технологияларын пайдаланғымыз келеді. Жалпы, әлемде толық атом циклін өз күшімен жүзеге асыра алатын елдер көп емес. Қытай – мұндай мүмкіндікке ие, барлық қажетті технологиясы мен индустриялық, өндірістік базасы бар мемлекет. Сондықтан біздің келесі басты басымдығымыз – Қытаймен ынтымақтастық», деді А.Сәтқалиев.
Агенттік басшысы қытайлық тараппен тиісті келіссөздер жүргізілетінін мәлімдеді.
«Бізде жоғары деңгейде уағдаластықтар бар. Қытай тәжірибесін қабылдауға қызығушылық танытып отырмыз, олардың құрылысты жылдам әрі сапалы жүзеге асыра алатынын жақсы түсінеміз. Қазір осы бағытта жұмыс бастап кеттік. Агенттік ретінде бізге тиімді консорциумдар құру міндеті де жүктеліп отыр», деді спикер.