Ресей әскері Харьков облысындағы Соболевка ауылын және ДХР деп аталып жүрген аумақтағы Поддубное елді мекенін бақылауына алғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.
Соболевка ауылы Харьков облысының Купян ауданына қарасты. Поддубное — Украинадағы Днепропетровск облысымен шекара маңында орналасқан Великоновоселков ауданының аумағында.
2001 жылғы деректерге сәйкес, Соболевкада шамамен 80 адам тұрған. 2024 жылғы қаңтарда Украина билігі бұл ауыл мен оған жақын орналасқан елді мекендерден тұрғындарды міндетті түрде эвакуациялау туралы шешім қабылдаған. Поддубное ауылында 2000 жылдардың басында 600-ден аса адам тұрған.
Ресей Қорғаныс министрлігінің 6 шілдедегі мәліметінше, Украина Қарулы күштері 260-қа жуық әскери қызметкерінен, үш броньды жауынгерлік техникасынан, сегіз автокөлігінен, үш дала артиллериясынан, жеті радиоэлектрон күрес станциясынан, бір оқ-дәрі қоймасынан, төрт материалдық-техникалық қоймасынан және бір жанармай қоймасынан айырылған.
"Қара теңізде бір түн ішінде үш пилотсыз катер жойылды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері тәулік ішінде Украина Қарулы күштерінің 298 ұшқышсыз ұшағын атып түсірді. Сондай-ақ, алты басқарылатын авиациялық бомба жойылды", – делінген министрлік хабарламасында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!