Жалпы есепте бірінші орындамыз. Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Жарыстың соңғы күні аса ауыр салмақтарда медальдар сарапқа салынған болатын. Жасөспірімдер арасында Аңсар Тұрсынбек қоссайыс қорытындысы бойынша 326 келіні бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Оның жеңіс жолын жастар арасында Санжар Жолтай жалғады. Ол қоссайыста 340 келілік зілтемірді басынан асырып, қола жүлдеге қол созды. Өкінішке орай, соңғы күні қоржынымыздға алтын медаль түскен жоқ. Десе де, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есептегі бірінші орнын сақтап қалды. Атап атйқанда, жасөспірімдер арасында ұлттық құрама өкілдері 23 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын. Соның арқасында топ басында тұрмыз. Үздік үштікке Вьетнам және Үндістан құрамалары кірді. Ал, жастар арасында 27 жүлде жеңіп алдық. Оның ішінде 9 спортшымыз чемпион атанды. Бұнда да жалпы есепте біріншіміз. Екінші орынға Таиланд құрамасы, үшінші орынға Қытай құрамасы жайғасты.