«Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ құбырын салу бойынша инвестициялық жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Бүгінде құбырдың магистралдық бөлігі толықтай аяқталды. Технологиялық құбырлар мен жабдықтарға беріктік пен герметикалық төзімділігіне қатысты гидравликалық сынақтар сәтті жүргізілді.
Қазіргі уақытта бір мезгілде 6 автоматтандырылған газ тарату стансасының (АГТС) құрылысы белсенді түрде жүріп жатыр. Олар: «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай», «Үшарал». Аталған 6 стансаның ішінде 4-еуі – «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан» және «Үшарал» – беріктік пен герметикалылыққа сынақтан сәтті өтті. Бұл – қысыммен жұмыс істейтін жабдықтардың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Жоспардан алда келе жатқан құрылыс жұмысына 126 арнайы техника бірлігі тартылған. 288 жұмысшы еңбек етіп жатыр. АГТС-тердің жалпы дайындығы 74% деп бағаланады. Газ құбырын пайдалануға беру 2025 жылғы тамызға жоспарланып отыр. Құбырдың ұзындығы – 302,441 км. Жобалық қысым – 9,8 МПа. Жоба аясында 6 газ құбыры-бұрмасы мен 6 автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып жатыр.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған. Газ құбырының құрылысы 2024 жылғы тамызда Премьер-министр Олжас Бектеновтің Жетісу облысына жұмыс сапары барысында басталған еді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 66 елді мекенінде тұратын 134 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік белсенділіктің артуына, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.