Шымкентте «келешек мектептері» жобасымен тағы бір білім ордасы есігін ашты.
Жалпы қалада ұлттық жоба аясында 2 жылда 12 мектеп салынды. Осылайша биылғы оқу жылында 18 мыңға жуық оқушы заманауи үлгідегі келешек мектебінде білім алады.
Таскен тұрғын алабында салынған мектеп 1500 оқушыға арналған. Білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталып, әр сыныпқа интерактивті тақта орнатылған. Балалардың ғылымға деген құштарлығын ояту үшін IT технологиялар, робототехника, STEM кабинеттері мен заманауи зертханалар ашылды.
Дәулет Алтынбайұлы, қала тұрғыны:
- Төрт баламыз үш мектепте оқитын. Соның барлығын жақын жерде ашылғандықтан осы жерге келдік. Мектептің жағдайы өте көремет. Барлық баланың оқуына жағдай жасалған. Балалардың жас ерекшелігі де ескерілген екен. Партадан бастап, техникалық базасына дейін көңілімізден шықты.
Енді теориялық білім тәжірибемен ұштасады. Арнайы жабдықталған кабинеттерде оқушылар ғылыми жобалармен айналысып, талдау жұмыстарын жүргізеді. Бұл физика, химия және биология пәндеріне деген қызығушылықты арттырмақ.
Мира Сүлейменова, мектеп директоры:
- Бұл жерде «Адал азамат, біртұтас тәрбие» бағдарламасын бөліп жаруға болмайды. Сол себептен білім мен тәрбиені бірге дамытып жатырмыз. Бізде педагог кадрлардың сапалық құрамы 50% жоғары. Өйткені бұл мектепке қабылданған педагогтардың барлығы конкурстық тәртіппен қабылданды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген білім ұялары үш ауысымды оқыту мәселесін шешеді. Енді оқу процесін жетілдіріп, шәкірттердің білім деңгейін жоғарылатуға басымдық беріледі.
Гүлназ Сүлейменова, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Биылғы басты мәселе – жұмысшы мамандарға кәсіби бағдар беру. Екінші бағыт – «Келешек мектептері» жобасы. Бұл жұмысты жандандыру қажет. Үшінші – жасанды интеллектіні енгізу. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен суицидтің алдын алу бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылады.
Өңірде жаңа оқу жылы 350-ге жуық білім ұясында салтанатты түрде басталды. 271 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оларға 20 мыңнан аса педагог дәріс береді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов