Талдықорғанда Шерзат Болатқа қатысты өтіп жатқан қылмыстық іс барысында жәбірленуші тараптың адвокаттары арасында келіспеушілік туындап, бір қорғаушы істен шеттетілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Мейірман Шекеев басшылық ететін қорғаушылар тобының бірнеше мүшесі бірінен соң бірі істен алынып жатқаны жайлы мәлімет әлеуметтік желілерде тарады. Осы іске қатысып, кейін белгісіз себептермен құрамнан шығарылған адвокат Бағдат Амандосұлы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ол соңғы он жылдан бері сан түрлі сот процесіне қатысып жүрген кәсіби қорғаушы ретінде бұл істі үлкен жауапкершілікпен қабылдаған.
«Мен бұл іске байыппен кірістім. Аптасына екі рет сот отырыстарына қатысып, басқа күндері айыпталушылар мен куәгерлерге сұрақ дайындаумен, тергеу материалдарын саралаумен айналыстым. Бірақ осы іске шын ниетпен араласқандар емес, өз атын шығарғысы келгендер басымдыққа ие болғандай әсер қалдырды. «Тек мен ғана сұхбат беремін, жұрт алдына мен шығамын, ал маған қарсы шыққандар істен шығарылады» дегендей талаптар әділетсіз көрінді», – дейді адвокат.
Бағдат Амандосұлы сот процесінің шоу емес, шынайы өмір мен адам тағдыры шешілетін маңызды алаң екенін ескертті.
«Менің еңбегімді иемденіп, кәсіби пікірлерім еленбей қалды. Кей әріптестерім де дәл осындай себептермен шеттетілді. Бұл әдіс кәсіби бәсеке емес, жеке мүдде мен менмендікке құрылған. Мұндай жағдайға көз жұмып отыра алмаймын. Мен бұл іске біреудің атағын көтеру үшін емес, шындықты анықтау үшін қатыстым», – дейді ол. Сонымен қатар, адвокаттың сөзінше, бұған дейін қорғаушылар Жандос Палманов пен Нұрболат Ибраев та іспен айналысудан шеттетілген. «Маған халық сенім артты. Бірақ шеттетілуім сол сенімді ақтамауға себеп болды. Мен тырысып бақтым, бірақ біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Себебі бұл істі хайп құралына айналдыруға болмайды», – деп түйіндеді ол.
Адвокат өзін нақты кім шеттеткенін атаған жоқ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Багдат Амандосулы (@zanger_bagdat.amandossuly)