ChatGPT Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға қызмет көрсеткені қосылған құн салығын төлейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық экономикада ашықтық пен әділ салық салуды қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
2022 жылдан бастап Қазақстанда цифрлық қызметтерге салық – "Google салығы" енгізілді. Бұл шара ел нарығында жұмыс істейтін трансұлттық ІТ-компанияларға әділ салық салу жолындағы маңызды қадам болды.
"Жаһандық цифрлық платформалармен өзара іс-қимылды жетілдіру аясында 2025 жылғы мамырдан бастап OpenAI, L.L.C. компаниясы шартты түрде тіркелді. Бұл — жасанды интеллект саласындағы жетекші америкалық ұйым, кеңінен танымал ChatGPT интеллектуалдық жүйесінің әзірлеушісі.
Енді Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға қызмет көрсеткені үшін ChatGPT Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлейді", — дейді комитет өкілдері.
Айта кетейік, ChatGPT — бұл жасанды интеллектіге негізделген чат-бот. GPT (Generative Pre-trained Transformer) тілдік моделі негізінде жұмыс істейді және келесідей мүмкіндіктерге ие:
- сұрақтар мен өтініштерді түсіну;
- мағыналы әрі қисынды жауаптар құрастыру;
- аударма, хат жазу, кодтау, оқу және басқа да салаларда көмек көрсету.
- ChatGPT-ті виртуалды көмекші, кеңесші, сұхбаттасушы немесе шығармашылық пен жұмысқа арналған құрал ретінде пайдалануға болады.
Комитет цифрлық секторда ашықтықты қамтамасыз ету, заңнаманы сақтау және тиімді салық салу бағытында жұмысын жалғастырады.