Алматыда кейінгі екі тәулікте ауа сапасы біршама нашарлады. Яғни атмосфераны ластаушы заттар артқан. Бұл туралы « Қазгидромет » хабарлады.

Ең жоғары деңгей 15 қыркүйекте түскі сағат 12 –ден бастап, 17 қыркүйек таңғы сағат 9 аралығында тіркелді. Осы кезде Алматы облысында қоқыс полигоны өртеніп жатқан. Сол тұстан жел соғып, қою түтін қалаға жеткен. Қазгидромет мамандарының мәліметі бойынша, қазір қалада ауаны бақылайтын 16 станция жұмыс істейді. Бұлар әр 20 минут сайын ауадан сынама алып, автоматты түрде порталға жіберіп отырады. Егер мөлшерден тыс ластанған жағдай анықталса, Экология департаментіне хабарлайды. Қазір ауа қалыпты. Мамандар, кейінгі екі күн жауған жаңбырдан кейін Алматыда атмосфера жақсарады деп болжайды.

Алмат Әлқожа, Қалалық экология департаментінің бөлім басшысы:

-Қазіргі таңда ауада жоғары деңгейде ластану жоқ. Қала бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған датчик бар. Ол датчиктер жыл сайынғы тексерістен өтеді. Ол жердегі ақпараттар шындыққа сәйкес келеді. Сол үшін біз халықты «Қазгидромет» сайты арқылы ауаға бақылау жүргізуге шақырамыз. Басқа сайтта біздің Экологиялық департаментімен «Қазгидрометпен» келісілмейді.

Аружан Мұратова, Алматы қалалық «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

-«Қазгидромет» Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес халыққа қоршаған орта туралы ашық ақпарат ұсынады. Бұл дерек бәріне қолжетімді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауа сапасы туралы мәлімет сағат сайын жаңартылып отырады. Оны air.kz мобильді қосымшасынан бақылауға болады. Мониторинг нәтижелері де ауа сапасының интерактивті картасына және Қазгидрометтің ресми сайтына салынады.