Израиль мен ХАМАС арасындағы бітімнен кейін Газа аймағына көмек жеткізу көлемі ұлғаяды.

Бұл туарлы Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері хабарлады. Аймақтық құрылымдардың мәлімдеуінше өңірге тәулігіне шамамен 600 жүк көлігін аттандыру жоспарланып отыр. Испания үкіметі де жергілікті халыққа ірі көлемде гуманитарлық көмек жөнелтіп, жан-жақты қолдау көрсетеді.

Испания премьер-министрі Педро Санчес әлеуметтік желідегі жазбасында Газадағы атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісімді қуана қарсы алғанын айтты. Бұл шешім әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшіліктің бастауы боларына үміт білдірді. БҰҰ ресми мәліметіне сәйкес, Газаға қажетті заттарды жеткізу көлемі тәулігіне жүздеген жүк көлігін құрайды. Көмек құрамында дәрі-дәрмек, азық-түлік, шатырлар және инфрақұрылым материалдары бар. Испания үкіметі де жақын арада аймаққа жүк жіберуді жоспарлап отыр. Былтыр ресми Мадрид Палестинаға 181 миллион еуро бөлген.

Хосе Мануель Альбарес, Испания Сыртқы істер министрі:

- Палестиналықтардың дербес мемлекет құруына толық құқығы бар. Испан халқы Палестина халқының құқықтары мен бостандығын қорғауды жалғастыра береді.

Қазанның 8-і күні Испания парламенті екі партия өкілдерінің қарсылығына қарамастан Израильмен қару саудасына қатысты шектеулерді күшейтетін патшалық жарлықты мақұлдады. Заңға сәйкес, Израильге қару-жарақ тасымалдайтын кемелер мен ұшақтардың Испания порттарына кіруіне және әуе кеңістігін пайдалануына тыйым салынады. Сонымен қатар жарлық қару экспортын, әскери және қауіпсіздік құрал-жабдықтарын Израильге тасымалдауға да шектеу енгізеді. Үкімет бұл шешімді Израильге қысымды күшейту және аймақтағы қақтығысты толық тоқтату шарасы ретінде бағалады. Алайда қарсы дауыс берген консервативтік партия өкілдері парламент мінберінде жарлықты сынады.

Карлос Гарсия, Халық партиясының депутаты:

- Газадағы жағдайды күшті халықаралық саясат және бейбітшілік жоспары арқылы шешу қажет! Ал біз популистік саяси пайда іздейтін үкімет арқылы реттегіміз келеді.

Ал тамыз айында Жерорта теңізі арқылы Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге шыққан халықаралық флоттағы қамауға алынған испан азаматтары Мадрид қаласына орала бастады. Израиль депортациялаған 21 испан белсендісінің ішінде бұрынғы Барселона мэрі де бар. Оларды әуежайда туыстары, достары мен қолдаушылары қошеметпен қарсы алды. Испанияның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, қалған 28 белсенді жуық арада елге оралуы керек.

Аида Қыдырбай, Дмирий Рогач