Ауызсу – Маңғыстау үшін жылдар бойы күн тәртібінен түспеген маңызды мәселе. Сондықтан Маңғыстау облысында жаз мезгілінде ауызсу тапшылығын жою бойынша кешенді шаралар қабылданды.

Бұл бағыттағы мәселе­лер мен атқары­лып жатқан жұмыс­тар Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төр­ағалығымен өткен жаз мезгілінде тұрғын­дарды ауыз­­сумен қамтамасыз ету мә­селелері жөніндегі кеңей­тілген жиынға арқау болды. Кеңесте өңір халқын үздіксіз ауызсумен қамтуға қатысты өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Деректерге сүйенсек, өңірді ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін тәулігіне 211 мың текше метр су қажет. Қазіргі таңда қолданыстағы су көздерінің жалпы қуаттылығы тәулігіне 188 мың текше метрді құрайды. Ал нақты тұтыну көлемі – тәулігіне 147 мың текше метр. Жаз айларында тұтыну көлемі артатынын ескерсек, болжам бойынша тапшылық шамамен тәулігіне 23 мың текше метрге жетуі мүмкін.

Қазіргі таңда Ақтау қаласын ауызсумен «МАЭК» ЖШС, «Ақтау су тұшыту зауыты» және «Каспий су тұшыту зауы­ты» қамтамасыз етіп келеді. Нақ­­тырақ айтсақ, аталған кәсіп­­орындар облыс орталығын тәу­лігіне 60–65 мың текше метр ауызсумен қамту мүмкіндігіне ие болып отыр.

Ақтау қаласының әкімі Әбіл­қайыр Байпақовтың ай­туын­­­­ша, алдағы жылдары халық са­ны­­ның өсуін ескере отырып, ауыз­­су тапшылығын толықтай шешу мақсатында бірнеше ірі жоба іске асырылмақ.

Бұл тұрғыда алдымен ауыз­­ға ілінері – қазіргі уақыт­та «Каспий» су тұшыту зауы­тының қуаттылығын тәулігіне 60 000 текше метрге арттырып, жалпы көлемін 100 000 текше метрге жеткізуге бағытталған үшінші кезең жобасы орталық мемлекеттік органдармен келі­су сатысында тұр. Үкімет қаулысы бекітілгеннен кейін биыл жобалық-сметалық құ­жат­­­­тама әзірленіп, жыл соңы­­на дейін құрылыс-монтаж жұмы­сы басталады екен.

Сондай-ақ қазіргі таңда са­рап­тамадан өтіп жатқан «МАЭК» ЖШС аумағында өнім­ділігі тәулігіне 24 000 текше метр болатын кері осмостық станса орнату жобасы 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Және қуаттылығы тәулігіне тағы 24 000 текше метр қосатын су тұшыту қондырғысы жобасына да өзгерістер енгізіліп жатыр.

Ақтау қаласында сумен жаб­дықтау және су бұру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр Бірінші кезеңде қамтылған 18 жоба аясында 42,59 шақы­рым су құбыры, 16,8 шақы­рым кәріз желісі және 5 кана­лизациялық сорғы стансасы жаңғыртылады. Қазіргі таңда 9 жоба бойынша құрылыс-мон­таж жұмыстары 90%-ға аяқ­талған.

Маңғыстау облысы су ресурстары және ирригация бас­қар­масының басшысы Се­рік­­қали Қанапиннің мәлім­деуінше, облыста су тұшы­ту қондырғыларын салу арқы­лы ауызсу тапшылығы кезең-кезеңімен шешіліп келе­ді. Мәселен, Түпқараған ауда­нындағы Форт-Шевченко қала­сында тәулігіне 5 000 текше метр теңіз суын тұшытатын ке­шеннің құрылысы аяқталып, іске қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Аталған нысан биыл мау­сым айының соңында пай­да­лануға берілмек.

Маңғыстаудағы су мәселесін шешуге қатысты қолға алынған жобалардың бірі – «Кендірлі» курорттық аймағындағы «Тоқ­мақ» жерінде қуаттылығы тәулігіне 50 000 текше метр болатын су тұшыту зауытының құ­рылыс-монтаж жұмысы то­лық аяқталған. Жуырда пай­далануға берілетін зауыт­қа қажетті құрылғылар орнатылып, іске қосу шаралары жүргізіліп жатыр. Бірақ зауыт жыл соңына таман толық қуатта жұмыс істеуі мүмкін.

Серікқали Қанапиннің айтуынша, бұл зауыт іске қосыл­ғаннан кейін Астрахань – Маң­ғышлақ су құбырынан үнем­делетін 25 000 текше метр су Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау қаласына бағытталады.

Құрық ауылында жеке инвестор «Алека» ЖШС арқылы салынып жатқан тәулігіне 10 000 текше метр су тұшыту қондырғысы биыл шілде айын­да іске қосылып, ауыл мен жағажай аймағын толықтай ауызсумен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Маңғыстауда ауызсу көзде­рінің тапшылығымен бірге, сумен жабдықтау желілері­нің тозған­дығы да өз алдына үлкен мәселе. Мысалы, облыс бойын­ша жалпы ұзындығы 3 787,7 шақырымды құрайтын аталған желінің 1 169,4 шақы­рымы немесе 31%-ы тоз­ған. Ал қала­ларда бұл көрсет­кіш 71,5%-ды құрайды. Жоға­рыда аталған жобалар іске асы­рыл­ған соң, тозу дең­гейі 83%-дан 72%-ға дейін төмен­дейтін болады.

– Жаз мезгілінде тұрғындар­ға ауызсу үздіксіз жеткізілуге тиіс. Бұл – күн тәртібінде тұрған бас­ты мәселе. Сондықтан қала, аудан әкімдері мен жауапты мекемелер жұмысты дер кезін­де әрі сапалы аяқтауға мін­детті, – деген аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай ауызсумен тұрақты қамтамасыз етудің маңыздылығын айтып, жауап­ты мекемелерге жұмысты же­делдетуді тапсырды.

Қолға алынған жұмыстар бар, бірі бітсе, енді бірі бас­талып жатыр, бірі атқарылу ке­зеңінде. Бірақ дәл қазіргі таңда, яғни биылғы жаз маңғыс­тау­лықтар үшін ауызсу үшін мәселе тудырмайды деп сенуге әлі ерте. Тек алдағы жылдарға үмітпен қараудың өзі қуаныш пен жұбаныш.

Маңғыстау облысы