Шымкентте биылдан бастап аяқ киім өнеркәсібіне мамандар даярлайды, деп хабарлайды 24KZ. Жергілікті колледждің бірінде жаңа мамандық ашылмақ. Осы салаға бет бұрған жастарға білім гранты да бөлінеді.

Қазір мегаполисте 4 аяқ киім фабрикасы жұмыс істейді. Бірақ білікті маман тапшы. Қазірдің өзінде мыңға тарта кадр қажет. Сондай-ақ «жұмысшы мамандықтар жылы» аясында биыл «киім дизайны» мамандығын ашу жоспарланып отыр. Осыған байланысты «Жас маман» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 275 млн теңгеге Италия мен Жапониядан керекті құрал-жабдықтар сатып алынған.

Жібек Жолдасбек, студент:

- Киімді қалай тігу керек? Оны қалай құрастыру керек? Оны қалай пішеді, тігеді? Оның барлық техникасын бұл жерде үйретеді және де мен жақсы үйреніп шықтым деп ойлаймын.

Гүлмира Тағаева, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры:

- Ол келешекте қай жұмыс орынға барады? Сол жұмыс орнының технологиясы қандай негізге алынады? Ірі аяқ киім фабрикаларымен жұмыс жасай отырып, ол жердегі технологиялармен таныстық. Ол жердегі мамандардың, жаңағы аяқ киім маманы қандай болуы керек дегенді негізге ала отырып, ҚР-дағы осы аяқ киім ісі бойынша білім беру стандартын негізге ала отырып, біз осы оқу бағдарламасын жасадық.