Көздеген межеге жету үшін ең төменгі жалақыны көтеріп, халық табысын жылма жыл 2-3 пайызға ұлғайту жоспарда бар. Атаулы әлеуметтік қолдау да арта түседі. Кешенді жоспар бүгін Үкіметте қаралды.

Алдағы үш жылға арналған бағдарға тоқталмас бұрын, Ұлттық экономика министрі әрі вице-премьер Серік Жұманғарин экономиканың қазіргі аяқалысына тоқталды. Биыл он айда ішкі жалпы өнім 6,4 пайыздық өсім көрсеткен. Нақты сектор — 8,2%, ал қызмет көрсетудегі өсім көрсеткіші- 5,3 пайыз деңгейінде. Брифинг кезінде де Серік Жұманғарин инфляцияның біртіндеп төмендеп жатқанын айтты. Қыркүйекте 12,9 пайыз болса, қазанда 0,3 пайызға түскен.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:

- 2026-27 жылдары біз ең төменгі жалақыны көтеруге қатысты мәселені көтереміз. Шешімін талқылаймыз. Бюджетке байланысты, биыл енгізілген салық және бюджеттік реформаға байланысты. Олар әрине үлкен база жасап, халықтың табысын көтеру үшін оған әсер етеді. Себебі үкіметтің кірістері көбейеді. Үкіметтің ертең жалақыны көтеруге мүмкіндігі болады.

Үш жылға арналған бағдарламада экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге ден қойылған. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік қолдауды арттыру бойынша тиісті шаралар қабылданады. Алдағы екі жылда халық табысының жылдық өсімі орта есеппен 2-3 пайыздан төмен болмауы тиіс. Ол үшін бағаны тұрақтандыруға да баса мән беріліп отыр. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі ұлғайтылуы мүмкін. Қазір бұл тізімде 19 өнім бар. Ал халық күнделікті тұтынатын азық түрі 30-ға жуықтайды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:

- Оны қазір реттеуге мүмкіндік болмай тұр. Алайда ішінде қияр, помидор бар мысалы. Олар осы әлеуметтік маңызды бар тауарлардың тізіміне кірмейді. Сол себепті мен тапсырма бердім. Қазір дұрыстап талдау жасап, ертең керек тағы да төрт-бесеуін осы тізімге енгіземіз. Оларды біз тізімге енгізсек, ертең қатаң бақылауға алуға мүмкіндік болады.

Алайда әлеуметтік маңызы бар тізімді ұлғайтпас бұрын жан-жақты сараптама-талдау жүргізу қажет. Бұл ретте жергілікті өндірушінің де ұпайы түгел болуға тиіс. Инфляцияны төмендетудің бірден-бір тетігі — импортталатын азық-түліктің өндірісін арттыру.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов құзырлы органдарға ішкі нарықты отандық өніммен қамту көрсеткішін арттыруды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Үкіметтің алдында проактивті инвестициялық саясатты енгізу бойынша ауқымды міндет тұр. Осы орайда жаңа жобалар пулын қалыптастыруда әр мемлекеттік органның, әкімдіктің үлесі маңызды. Даму институты ретінде «Бәйтерек» холдингі тек жобалардың операторы ғана емес, нарық сұраныстарын қалыптастыруға және бірлескен кәсіпорын құруға қабілетті, жаңа өсім бастамасы болуға тиіс. Бұл өңдеу секторының дамуына қосымша серпін береді.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жеке сектор салық пен бюджет реформасының шарапатын көреді. «Бұл инвестция құйып, нарықты дамытуға, бизнестің жаңа түрін дамытуға оң ықпалын тигізеді», — дейді ол. Оған қоса, теңгерімді тариф саясаты арқасында алдағы екі жылда инженерлік желіні жаңғыртуға 3 трлн теңге құйылмақ. Отырыс соңында премьер – министр Олжас Бектенов жауапты органдарға халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды тиімді үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров