Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке ресми сауал жолдап, моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін жүйелі және нақты шаралар қабылдауды ұсынды , деп хабарлайды Egemen.kz.
ЖСДП фракциясының депутаттары — А. Рахымжанов, Н. Әуесбаев, А. Сағындықова және Н. Сайлаубай — Қазақстандағы моноқалалардың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Олар соңғы онжылдықта елдегі моноқалалар саны 27-ден 20-ға дейін қысқарғанын, кейбір қалалар өз экономикаларын әртараптандыру арқылы тізімнен шықса, Арқалық пен Серебрянск секілді қалаларда қала құраушы кәсіпорындардың жабылуы салдарынан мәртебесін жоғалтқанын атап өтті.
Депутаттардың мәліметінше, моноқалалардың 15-і шикізаттық бағытта жұмыс істейді. Терең өңдеу саласы әлі дамымай отыр. Моноқалалардағы 14 мыңнан астам кәсіпорын 2023 жылы 18,5 трлн теңге көлемінде өнім өндіргенімен, бұл көрсеткіш тұрғындардың өмір сапасына оң әсер етпей отыр. Керісінше, жыл сайын халық саны азайып, әсіресе жастар көбірек кетіп жатыр.
ЖСДП Шығыс Қазақстандағы Алтай, Серебрянск және Риддер қалаларындағы әлеуметтік жағдайға ерекше тоқталып, бұл қалаларда білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде кадр тапшылығы өте жоғары екенін көрсетті. Депутаттар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын моноқалаларға да енгізу қажеттігін айтты, себебі бұл қалалар халық саны мен өмір сүру жағдайлары жағынан ауылдардан артық емес.
Фракция өкілдері сонымен қатар моноқалаларда кәсіби даярлау мен қайта даярлау бағдарламаларын қайта қарап, шағын және орта бизнесті қолдауды күшейту, әр қаланың даму стратегиясын әзірлеу және фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруді ұсынды. Сонымен бірге, моноқалалардың оң инвестициялық имиджін қалыптастыру мақсатында ұлттық ақпараттық науқан ұйымдастыру қажеттігін де атап өтті.
«Біз Үкіметтен декларативті уәделерді емес, нақты, жүйелі және қоғамдық қадамдарды күтеміз. Моноқалалардың мәселесі – ұлттық тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттіліктің маңызды бөлігі. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаттары жауапты заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұрай отырып, моноқалалар мәселесін шешуде нақты және жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді», делінген депутаттық сауалда.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті