Қызылорда қаласында жаңбыр жауып, арты көктайғаққа ұласты.
Оның үстіне қалың тұман басты. Соның салдарынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында көлік қозғалысына шектеу қойылды. Мамандардың айтуынша, Жаңақорған мен Қармақшы ауданының аралығында республикалық маңыздағы автодәліз жабылды. Қазір күре жолдар мен көпірлерге көктайғаққа қарсы қоспа себіліп жатыр. Қызылорда қаласында бұл жұмыстарға 60 техника мен 300-ге жуық адам жұмылдырылған. Дегенмен, автодәліз бойында жол көлік оқиғасы тіркелді.
Жандос Досымов, ТЖД Басқарма басшысы:
- Қызылорда қаласына бағытталған жолаушылар автобусы мен «Lexus 470» маркалы автокөлігі соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды. Автобустың ішінде 30 адам болған. ТЖД қызметкерлерінің күшімен оқиға орнына 17 адамды сол жағалауда орналасқан автовокзал ғимаратына эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Қалған 13 адам өз күштерімен оқиға орнынан үйлеріне қайтарылды. Зардап шеккендер болған жоқ.