Криштиану Роналду "Әл-Наср" клубынан кетуі мүмкін деген ақпарат пайда болды. Испанияның Marca басылымы Эр-Рияд клубы бұл жаңалықты жариялау үшін баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Басылымның мәліметінше, клуб барлық деңгейде күтілетін көптеген өзгерістерді жариялайды.

"Криштиану Роналду мен "Әл-Наср" екі жарым жыл бұрын басталып, cоңында ешқандай титулға әкелмеген саяхатын ресми түрде аяқтауға дайын", — делінген мақалада.

Сондай-ақ Роналду мансабын Сауд Арабиясында жалғастыруы мүмкін екені жазылған — басылым футболшының осы ел үкіметі алдындағы футболды насихаттау саласындағы кейбір міндеттемелеріне назар аударған.

Трансферлік кезеңнің ашылуы қарсаңында клубта өзгерістер болуы мүмкін екені баса айтылды.

Сондай-ақ бірнеше күн бұрын Роналду X әлеуметтік желісінде жазба жариялап, жанкүйерлерін жақын арада өзінің"Әл-Насрдан" кететіні туралы ойға қалдырды.

"Бұл тарау аяқталды. Тарих? Ол әлі жазылып жатыр. Барлығы үшін рақмет", — деп жазды Криштиану.