Елімізде отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыс саны 8 пайызға азайды. Оның ішінде кісі өліміне әкеліп соққан жағдайлар 26 пайызға төмендеген.
Биылғы он айдағы қорытынды осындай. Құқық қорғаушылар қылмыстың ізін суытпай ашу деңгейі жоғарылағанын да алға тартты.
«Заң және тәртіп» мобильді сервисі іске қосылғалы азаматтардан 32 мыңнан астам өтініш түскен. Егер әлдекім бұндай қызметтің бары туралы бейхабар болса, ол «Egov mobile» және банктердің қосымшаларында қолжетімді екенін айта кетейін. Ал жалпы биылғы 10 айда қылмыс саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 5 300-ге азайған.
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ ӘПК Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы:
- Қауіпті қылмыстар яғни орташа ауырлықтағы, ауыр, өте ауыр қылмыстардың барлығы 20%-дан 50%-ға дейін төмендеді. Орташа ауырлықтағы қылмыстар екі есеге төмендеді. Соның ішінде кісі өлтіру 26%-ға төмендеді. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабы 18%-ға төмендеді.
10 айда 185 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
Іздеуде жүрген 1391 адам ұсталды. Олардың 138-і шет мемлекеттерде қолға түсті. Жедел іс-шаралар барысында 30 тоннадан астам есірткі, соның ішінде 1 тоннадан астам синтетикалық заттар тәркіленді. Ел аумағында 185 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Интернет-алаяқтықпен айналысқан 12 колл-орталық жойылса, олардың 7-еуі шетелден табылды. Алаяқтықпен айналысқан 4 мың сайт бұғатталып, қылмыскерлер ұрлаған 2,3 млрд теңгені елден шығаруға жол берілмеді.
Іздеуде жүрген 1 391 адам ұсталды
Шетелде қолға түскені – 138 адам
Тәркіленген есірткі – 30 тонна
Ұсталған қылмыстық топ – 185
Интернет-алаяқтықпен күрес
12 Call-орталық жойылды
4 мың сайт бұғатталды
₸ 2,3 млрд сақталды
Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жаңа заң әзірленді
Биыл елімізде «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа бірыңғай заң жобасы әзірленді. Құжат жуырда Парламент Мәжілісінің мақұлдауынан өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді.
Заңгерлер болса, «Заң және тәртіп» қағидасын қоғамда орнықтыру үшін барлық тараптың жауапкершілігі маңызды, — дейді. Бүгінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары балабақша, мектеп қабырғаларынан басталған.
Нұрлан Жаңабаев, адвокат:
- «Заң және тәртіп» тек қана декларативті бағдарлама емес, ол күнделікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасап жатқан іс-шаралары. Бұл «Заң және тәртіп» бағдарламасында «Адал азамат» деп көрсетілген. Бұл болашақ жасөспірімдер біздің азаматшаларымызды білім беру мекемелерімен, оның ішінде ата-ана жауапкершілігі, оған қоса заңды өкілдері жасөспірімді тәрбиелеуге, адал азамат тәрбиелеуге, мемлекетіміздің болашағының адал азаматын тәрбиелеуге бағытталған.