Ақтауда жас спортшыларға арналған мектеп-интернат колледжі пайдалануға берілді.
Екі қабатты ғимаратта дарынды балалар олимпиадалық спорт түрлерімен жаттыға алады. Сонымен қатар Құрық ауылында су тұшыту зауыты іске қосылды. Кәсіпорын тәулігіне 10 мың текше метр тіршілік нәрін өндіруге қауқарлы.
Маңғыстау өңірінің тарихында мұндай оқу орны алғаш рет ашылды. 300 орындық ғимаратта бокс, дзюдо, таэквондо, еркін және грек-рим күресі залы бар. Жатақхана, асхана, медициналық орталықпен жабдықталған. Аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл жобаның жас спортшыларды кәсіби деңгейде дайындауға жол ашатынына сенім білдірді.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
- Біріншіден, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Жастарды салауатты өмірге икемдеу, спортты дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс. Екіншіден, біздің Маңғыстауда бұрын-соңды спорт-интернат болған жоқ. Біздің облыстың балалары басқа қалаларға барып оқып жүрді. Болашақ Азия чемпиондары, Әлем чемпиондары, Олимпиада чемпиондары шығады деген үлкен үміттеміз.
Құрық ауылының тұрғындары тұщыту зауыты іске қосылғанына қуанышты. Жаңа кәсіпорын күніне 10 мың текше метрге дейін жерасты суын тұтынуға жарамды етеді. Осылайша, Қарақия ауданында бірнеше елді мекен ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етілді.
Мүсір Байесенов, Жетібай ауылының тұрғыны:
- Өмірдің нәрі – су. Ол болмаса өмірдің мәні болмайды. Халыққа жақсылық жасаймыз деген ел басқарып жүрген ұлтжанды азаматтарға алғысымды айтамын. Осында жұмыс істеп жүрген адамдардың бәріне де алғысымызды айтамыз.
Инвестициялық жобаның құрылысы Маңғыстауда су тапшылығын жою жөніндегі Президент тапсырмасы бойынша қысқа мерзімде аяқталды. Тұщыту зауыты Құрық ауылына күніне 4 мың текше метр ауыз су береді. Сондай-ақ құбыр арқылы Батыр ауылы мен Ақтауға жеткізеді.
Авторлары: Талғат Ислаұлы, Саламат Бекбаев