Үкімет Қарағанды облысында фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz
Жобаны жүзеге асыру аясындағы инвестициялық келісімге Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС қол қойған. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 42,5 млрд теңгені құрайды.
Жаңа зауытта 74 түрлі дәрілік зат шығару жоспарланып отыр.
«Жоба аясында дәрілік заттардың 74 атауын өндіру жоспарланып отыр. Өндірістік желі медицинаның маңызды бағыттарын, оның ішінде, онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттарды қамтиды. Зауыт әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мен емдеуге қажетті иммунобиологиялық және басқа да жоғары технологиялық препараттарды өндірумен қатар, әлемдік стандарттар бойынша белсенді фармацевтикалық ингредиенттердің, биологиялық және биотехнологиялық өнімдердің синтедеуді жолға қояды» делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Шымкент фармацевтикасына 39,5 млрд теңге инвестиция құйылады
Жобаны іске асыру нәтижесінде 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылы фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда 1 млн тоннаға дейін металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынатындығын хабарлаған едік.