Батыс Қазақстан облысы Теректі ауылы екі аптадан бері ауызсусыз отыр, деп хабарлайды 24KZ. «Берілген күннің өзінде су сапасы нашар», – дейді тұрғындар. Қазір олар суды дүкеннен сатып алып ішеді. Аудан орталығындағы өзекті мәселе қашан шешіледі?
Теректі ауылында 80 үй ауызсусыз отыр. Тұрғындар: «Жуынып-шайынуды айтпағанда, тамақ дайындайтын су жоқ», – дейді. Ал тасымалданатын тіршілік нәрін сағаттап күту керек.
Шәмшия Отарғалиева, ауыл тұрғыны:
- Менде үйде екі мүгедектігі бар адам жатыр. Маған су керек. Жуындыру керек. Молодежный 10-ға мүлдем келмейді. Енді үнемі суды барып сатып аламын. Мен қайта-қайта сатып алатын жағдайым жоқ. Масқара ғой мынау!
Коммуналдық компания қызметкерлері сорғы станциясы жабдықтарының әбден ескіргенін айтады. Қазір 6 қондырғының үшеуі бітеліп қалған. «Бірер күнде тазартып, іске қосамыз», – деп отыр.
Руслан Ғалиев, коммуналдық кәсіпорынның директоры:
- Қазір аудан орталығына тәулігіне көп дегенде 500 текше метр су бере аламыз. Ал халықтың тұтыну көлемі одан да көп. Сондықтан кей көшелерге тіршілік нәрі жетпей қалады.
Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Мамандардың айтуынша, аудан орталығына жаңа сорғы станциясы керек. Ол бойынша жергілікті билік өкілдері тиісті жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойған.
Қайыржан Есетов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Бұл мәселе қоғамдық тыңдалымда қаралып, құжатқа өзгертулер енгізілді. Оның қорытындысы бойынша жоба құны қымбаттап кетті. Енді бұл сұрақты қоғамдық кеңеске шығарып, мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Содан кейін барып бюджеттік өтінім жолданады.
«Жаңа сорғы станциясы аудан орталығындағы су мәселесін толық шешеді», – дейді мамандар. Биыл өңірде халықты таза ауызсумен қамту бойынша 15 жоба жүзеге асырылады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Эльдар Аюпов