Ақтауда «Jas tolqyn» байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысынан келген 350 жеткіншек ән, би, режиссура сияқты аталымдарда өнерін паш етті. Байқаудың мақсаты – дарынды балаларға қолдау көрсетіп, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу.

Талғат Исламұлы, тілші:

- «Каспий құбыр консорциумы-Қ» акционерлік қоғамы өңірлерде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, аз қамтылған отбасыларға жүйелі түрде көмек көрсетеді. Осыған орай 2019 жылдан бері «Jas tolqyn» байқауын өткізіп келеді. Осы уақытқа дейін көптеген бала әлемдік сахнада бақ сынауға мүмкіндік алды.

Тихон Козлов, байқауға қатысушы (Ақтөбе):

- Отбасылық ансамбльден келдім. Өзім домбыра аспабында ойнаймын. Бұл конкурстың балаларға беретіні ауылдағы балаларды Мәскеуге шығарады. Қазақтың ұлттық киімдері мен домбырасын, аспаптарын дарытады.

Марат Нүкеев, қазылар алқасының мүшесі:

- Ауыл-аймақтардың балаларының талантын анықтау. Соларды үлкен сахнаға жеткізу бұл, біріншіден, мақсат болып тұр. Ол әр баланың өзінің арманы деп ойлаймын.

Алдын ала байқауға 1380 өтініш келіп түскен. Іріктеу кезеңінен 350 үміткер мүдірмей өтті. Сайыс қорытындысында 31 бала гран-при жүлдесін жеңіп алды. Биыл байқау ережесіне жаңа номинация енгізілді. «Әлеуметтік бейне» аталымында балалардың әуесқой бейнетүсірілім жасау, режиссёрлік өнер бойынша шеберлігі сараланады.

Гүлжан Талпақова, ҚР Халық әртісі:

- Балалардың қабілетіне танымал режиссёр Әубәкір Сүлеев баға береді. Қатысушыларға Қазақстан мен Ресейдің мәдениет майталмандары шеберлік сабағын өткізеді. Бұл әлеуметтік аз қамтылған жеткіншектердің шығармашығын ұштауға оң септігін тигізеді деген ойдамыз.

Гран-при «Дәстүрлі ән», «Хореграфия», «Аспаптық жанр» секілді 5 аталым бойынша жеке және ұжым ретінде үздік танылған жеткіншектерге берілді. Енді олар жыл соңында Мәскеуде «Каспий құбыр консорциумы-Қ» «Дарынды балаларға» атты халықаралық байқауда өнер көрсетеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев