Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласы құлдырап барады.
Былтырғы өндіріс көлемі 18%-ға қысқарған. Мамандардың айтуынша, бұған екі ірі зауыттың жұмысын тоқтатуы себеп болған. Өйткені жаһандағы геосаяси ахуалдың ушығуы қос кәсіпорынға оңай тимеді. Ал ішкі нарық арзан импорттық тауарларға толы.
Бұл еліміздегі ірі тоқыма кәсіпорындарының бірі. Бұрын ондаған станок тынымсыз жұмыс істеген ғимаратта қазір мүлгіген тыныштық. Мұнда өндірілген өнім бір кездері ішкі нарықты қамтып қана қоймай, Ресей мен Түркияға да экспортталып еді. Мақта өсіруден бастап дайын өнім шығаруға толық мүмкіндігі бар кәсіпорынның жұмысы қазір тоқтап тұр.
Бекет Тұрсынханов, фабрика директоры:
- Кәсіпорынның тоқтауының себептерінің біреуі 2022 жылы Ресей мен Украина территориясында басталған әскери операциясына байланысты біздің сыртқа шығаратын өнім жолдарының бұғатталуына байланысты. Біз өзіміз өндірген матаның 50 пайызын, 70 пайызына дейін Еуроодақ мемлекеттеріне жіберіп отырған болатынбыз. Оның бәрі тоқтады.
Өнімді ішкі нарыққа сату оңай емес, дейді фабрика директоры. Қазір сауда орындары арзан импорттық тауарға толы. Ал отандық өндірушілер үшін олардың орнын басу қиын. Бұл сала тендерлерге тәуелді болғаннан кейін де дамуы тежеледі, дейді сарапшылар.
Гүлмира Тағаева, жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры:
- Өкінішке орай, біздегі көптеген кәсіпорын тендерге тәуелді. Егер олар тендерді ұтса, әрине, жұмысы тоқтамайды. Тендер болмаса, өндіріс тұралайды. Бұл күрделі мәселе. Ал енді тендерге тәуелсіз кәсіпорындардың саны саусақпен санарлық.
Ресми мәлімет бойынша Шымкентте 175 тоқыма өндірісі жұмыс істейді. Олар былтыр жалпы құны 36 миллиард теңгеге өнім шығарды. Дегенмен, екі ірі зауыттың жабылуы көрсеткіштерді төмендетіп отыр. Жеңіл өнеркәсіп саласының күрделі екенін жергілікті билік ескеріп, кәсіпорындарды қолдау мақсатында Жол картасын әзірлеген.
Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы біз бұл кәсіпорындарды іске қосу бойынша жол картасын әзірледік. Кәсіпорын басшыларымен бірге келісілді. Қазіргі таңда өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне келісімге жолданды. Бұл екі кәсіпорынды биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында іске қосу жоспарланып отыр.
Бір зауыттың жұмысы толығымен тоқтады. Ал екіншісі соңғы тапсырыстарды аяқтауға жақын. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, жалақы төленіп, коммуналдық қызметтер үшін қарыз өтелген. Бірақ банктер алдындағы несие көлемі 3 млрд теңгеге жуықтайды. Жұмысшылар кәсіпорынның қайта жанданатынына үмітпен қарап отыр.
Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов