Газа секторында да ахуал ушығып тұр. Гуманитарлық көмек шектеліп, 2 млн-нан астам адам нәр татпай аш отыр, деп хабарлайды 24kz.

Халықтың жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Осыны ескерген БҰҰ Бас ассамблеясы аймақта атысты шұғыл тоқтату туралы қарар қабылдады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы Газа секторындағы қақтығысты дереу, шартсыз және тұрақты тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Құжатты 193 елдің 149-ы қолдап дауыс берсе, 19-ы қалыс қалды. АҚШ, Израильден бөлек тағы 10 мемлекет қарсы болды. Басқосуда бейбіт тұрғындарға аштықты соғыс әдісі ретінде қолдану, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қарар ХАМАС пен Израиль тұтқында ұстап отырған адамдарды босатуды және Израиль әскерін Газадан толық шығаруды көздейді.

Маусым айының басында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі осы талаптарды қамтитын қарар қабылдамақ болған еді. Алайда оған АҚШ тыйым салды. Бұл жолы да Вашингтон мен Израиль құжатта ХАМАС ұйымына айып тағылмағанын сынға алып, Бас ассамблеяның оны қабылдауына наразылық білдірді.

Дороти Ши, АҚШ-тың БҰҰ-дағы Тұрақты өкілінің орынбасары:

- Қарарды қолдау израильдік тұтқындарды босатуға бағытталған келіссөздерге кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ бұл ХАМАС ұйымына жанама қолдау. Себебі олар атысты тоқтату туралы ұсыныстың ешқайсысын қабылдамай отыр.

Дэнни Данон, Израильдің БҰҰ-дағы елшісі:

- Бас Ассамблея мүшелері лаңкестік ұйымдарға бейбіт тұрғындарды ұрлау тиімді тәсіл екенін көрсетті. Өйткені тұтқындарды кепілде ұстау келіссөз жүргізуге жол ашады. Кінәсіз адамдарға қатыгездікпен қараса да, әлемдік ең беделді ұйымның қарарларымен марапатталасыздар. Бұл – дипломатия емес.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Газа секторында 2 млн-нан астам халық азық-түлік тапшылығынан, аштықтан жапа шегіп жатыр. Әсіресе, аймақтың солтүстік бөлігінде жағдай күрделі. Өйткені өңірге гуманитарлық көмек жетпей жатыр. Мұндағы жұрт күніне бір-ақ рет тамақтанады. Гуманитарлық ұйымдар Израильге шектеуді жойып, палестиналықтарға азық-түлік жеткізуге рұқсат беруге шақырды. Бұдан бөлек, БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес Газа секторының орталық және оңтүстік аймағында инфрақұрылымдар талқандалып, сыртпен байланыс қиындаған.

Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Газаның оңтүстік және орталық аймақты қамтамасыз етіп отырған кабель зақымданып, өңір ғаламтордан толық ажырап қалды. Салдарынан анклавтағы Төтеше қызметтер, гуманитарлық үйлестіру, бейбіт халық үшін маңызды барлық ақпарат арналарымен байланыс үзілді. Бұл аймаққа жеткізуді қиындатып жіберді. Тұрғындар осының кесірінен көмекке қол жеткізе алмай отыр. Біраз гуманитарлық агенттіктердің жергілікті ұйымдармен қатынасы тоқтап қалды.

Бас ассамблея қарарын Испания бастаған 24 ел ұсынды. Құжат шұғыл атысты тоқтатып, кепілдегілерді бостандыққа жіберуді, Газа секторындағы Израиль әскерін толық шығаруды көздейді. Сондай-ақ аймақтағы аштықты соғыстың негізг қаруы ретінде пайдалануға шектеу қойып, өңірге гуманитарлық көмек жеткізуді мақсат етеді.

Айта кету керек, БҰҰ Бас ассамблеясы қарарының Қауіпсіздік кеңесінің құжаты сияқты заңды күші жоқ. Бас ассамблея өзге мемлекеттерге санкция салу, оларды орындауға мәжбүрлеу сияқты шаралар қабылдай алмайды. Дегенмен, ұйым қолдайтын құжат халықаралық саясатқа елеулі ықпал ете алады. БҰҰ-ға мүше елдердің ұстанымы мен әрекетіне бағыт-бағдар береді.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Тамерлан Ким, Ырыстанбек Оспанов