Орал қаласында «Халық қатысатын бюджет » бағдарламасы биыл қайта жанданды, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр су тасқынынан кейін қаржы тапшылығы болып, бағдарлама кейінге шегерілген еді.

Енді тұрғындар ұсынған жобаларды жүзеге асыруға үшін 134 миллион теңге бөлінді.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Ружейников көшесі бойындағы құрылысы жүріп жатқан мына шағын саябақ халық қатысатын бюджет бағдарламасына іріктелген 10 жобаның бірі. Осы жерде балалардың ойын және спорт алаңдары болады, сонымен қатар көпшілік сейілдейтін-серуендейтін жаяу жолдар мен тұрғындар тізе бүгіп дамылдайтын, әңгіме-дүкен құратын орындықтар орналаспақ.

Бұрын жабайы тал-терек өскен, арасында бұралқы ит-мысық жүретін алаңқай мамырдың ортасында күл-қоқыстан толық тазартылды. Көктемде су баспас үшін топырақ төгіліп, жер бедері биіктетілді. Тротуар төселіп, ойын алаңдарының құрылысы басталған. Абаттандыру жұмыстарына 22 миллион теңге бөлінді.

Тимур Бекетов, мердігер компания өкілі:

- Ружейников 10 мекенжайы бойынша демонтаж жұмыстарын жасаған болатынбыз. Мында бұрын ағаштан басқа ештеңе болған жоқ. Қоқыстан басқа ештеңе болған жоқ. Біз 12 мамырда шартқа отырдық. Бұйырса, екі аптада, айдың аяғына дейін бітіреміз.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша биыл қалада 10 жоба қолға алынса, соның ауқымдысы Борлытау ауданында іске асады. Мұнда қоршалған ойын алаңы салынып жатыр. Санаулы күннен кейін жаңа алаң балдырғандардың сүйікті демалыс орнына айналады.

Мәншүк Жәлелова, Борлытау ауылының тұрғыны:

- Бұрын ескі болды. Балалар ойнайтын жер жоқ болды. Бәрі сынып жатты. Ішінде балалар доп ойнайды. Ойнағанда жан-жағындағы бәрі жыртылып жатыр. Жыртылып жатқан соң ешкім келмейді ғой. Мынадай кішкентай балаларды ойнататын жер жоқ.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына жобаны тұрғындардың өздері ұсынады. Арнайы комиссия оларды іріктейді, содан кейін онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздар таңдалады. «Ең бастысы, азаматтардың белсенділігі артып, өңір үшін өзекті мәселелерге немқұрайлы қарамайтын болады», — дейді мамандар.

Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

-«Халық қатысатын бюджетке» жобаларды азаматтар өздері ұсынады. Мәселен былтыр 33 жоба арасынан 10 жобаны іріктеп алдық. Бірақ су тасқынына байланысты қаржы болмай, бағдарлама тоқтап қалды. Ол жобаларға биыл кезек келді. Қазір жалпы сомасы 134 млн теңге болатын 5 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде айта кетерлігі, әр жобаның құны 10 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 39 млн теңгеден аспауы тиіс.

Сондай-ақ биыл облыс орталығында 24 аула, 7 сквер абаттандырылмақ. Ол мақсатқа қазынадан1 миллиард теңге қаржы қаралған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылгасов, Э.Аюпов