«Sport Time» бағдарламасының бүгінгі тақырыбы каратэнің WKF бағыты туралы. Бұл – үнемі жоғары жетістіктерге жетіп, тарихи нәтижелермен қуантып жүрген спорт түрі. Биылдың өзінде Ташкентте өткен Азия чемпионатында қыз-жігіттер 4 бірдей алтын жүлде жеңіп, рекорд тіркеген болатын. Одан кейін Рабаттағы премьер-лигада қос қазақ қызы, нақтырақ айтқанда – Мөлдір Жаңбырбай мен Әсел Қанай, гранд өнер сыйлығын жеңіп алды. Бұл – жылдың ең үздік спортшысына берілетін сыйлық, отандық каратэ үшін, жалпы еліміздің спорт тарихы үшін үлкен жаңалық десе де болады. Бұрын-соңды болмаған жетістік. Енді алда тағы бірқатар жарыс бар. Каратэшілер бұл жетістікке тоқмейілсімейді. Алдағы уақытта Дүниежүзілік Ислам ойындары және негізгі бәсеке – Әлем чемпионатында тарихи жетістіктер тіркеп, жанкүйерлерді қуантқысы келеді. Қазір қызу қарбалас, қызу дайындық жүріп жатыр. Осы жерге бірер күннен кейін каратэшілердің өздері жиналады. Басы-қасында жүрген мамандардан эксклюзивті сұхбат алып, жоспарларын біліп, жалпы отандық каратэмен жақынырақ таныстырғымыз келеді.