Қазақстандық каратэшілер үздіктердің қатарында. Әлемдік каратэ федерациясы жаңартылған рейтингін жариялады. Топ ондықтың қатарына енгендердің көпшілігі әйелдер. Мәселен 50 келіге дейінгі салмақта Азия және ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай 6045 ұпаймен бірінші орында тұр. Командаласы Әсел Қанай да өз салмағының көшбасшысы. 61 келідегі Азия чемпионында 4305 ұпай бар. Сонымен қатар Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта 2-орынға жайғасқан. Ерлер арасында 75 келіге дейінгі салмақтағы отандасымыз Нұрқанат Әжіқанов та рейтингтің 2 сатында тұр. Үш дүркін Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің қола жүлдегерінің еншісінде 3675 ұпай. Бұдан бөлек 84 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Данияр Юлдашев үздік ондықтың қатарынан көрінді.
Асылбек Данияр