Шахматтан ең мықты мектеп командалары АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысады. Бүгін Алматыда ұлттық іріктеу басталды. Жарысқа елдің әр өңірінен 41 топ келді. Ойыншылардың арасында Эдгар Мамедов секілді ең жас гроссмейстерлер де бар. Олар FIDE World Schools Team Championship сайысына жолдаманы сарапқа салып жатыр. Шаршы тақтадағы тартыс жеңімпаздары ертең анықталады.
FIDE қамқорлығымен өтетін бұл чемпионат — жаңа жоба. Алғаш рет ол 2023 жылы Ақтауда өтті. Ендігі чемпионатты АҚШ-тың Александрия қаласы қабылдайды. Қазақстан командалары Үндістан, Түркия, Қытай бастаған елдердің оқушыларымен зияткерлік сайысқа түседі. Шілдеде басталатын әлем біріншілігінде ел намысын алты команда қорғайды.
Алмас Күнғожин, Республикалық физика-математикалық мектептің басқарма төрағасының орынбасары:
- Ол командалық чемпионат. Әр командада 5 қатысушы бар. Ол жерде төртеуі негізгі ойыншы, біреуі қосалқы. Сол олардың ішінде міндетті түрде бір қыз болу керек және уақыттары рапид ережесімен өтеді.