Қазақстанда жолаушылар пойызының вагоны шығарыла бастады. Алғашқы өнім бүгін Президентке таныстырылды. Бұл зауыт арқылы ұлттық тасымалдаушының вагон паркін толық жаңарту жоспарланып отыр. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірқатар спорттық және өндірістік нысанды аралап, жұмысымен танысты.

Бұл – Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені. Нысан биыл ғана ашылған. Аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған жекпе-жек залдары бар. Президент жас боксшылармен тілдесіп, олардың келешекте Әлем, Олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.

Президентпен жүздескен балалар тосылып, қысылып қалмады. Жарыса асқақ армандарын айтты.

Ал Президент жас футболшыларға өз немересінің де осы спорт түрімен айналысатынын, қақпашы екенін жеткізді.

Президент «Дәулет» теннис орталығының жұмысымен танысты

Президент барған келесі спорт нысаны – «Дәулет» теннис орталығы. Кешенде 600 бала, олардың ішінде 85 оқушы бюджет есебінен жаттығады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді. Бұл – елордадағы балалар ең көп баратын және ерекше қажеттілігі бар жас спортшыларды да қамтитын әлеуметтік-спорттық нысандардың бірі.

Әліби Сапар, спортшы:

Тенниске 5 жастап бастап қатысамын. Теннис спорты маған қатты ұнайды. Республикалық турнирлердің жеңімпазымын. Теннистен 3-дәрежедегі жасөспірімдер арасындағы разрядым бар. Болашақ мақсатым — елімді әлемге таныту.

Қазақстанда алғашқы жолаушылар вагоны құрастырылды

Президент Астана индустриялық паркіндегі бірнеше кәсіпорынды да аралады. Stadler Kazakhstan зауытында Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғашқы жолаушылар вагонын таныстырды. Басты ерекшелігі жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қатаң климаттық жағдайға бейімделген вагон 40 жылға дейін қызмет етеді дейді мамандар. Купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар да шығарылады. Биыл 51, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагон пайдалануға берілмек.

Ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр

Қазір ел көлемінде 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отандық ІТ компаниялар жолаушыларға арналған бірыңғай цифрлы платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап туристік қызмет көрсетуге дейінгі көптеген функцияны біріктіреді. Сондай-ақ пойыздар спутниктік интернетке қосылады.

Президент өндіріс нысандарын аралады

Ал бұл жерде Респиратор мен газтұтқы шығарылады. MFA International компаниясы 2020 жылы Қазақстанда өндіріс бастау туралы шешім қабылдаған. Астанада медициналық, өнеркәсіптік респираторлар, газға қарсы уланудан, сондай-ақ химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерден сақтайтын газтұтқы шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 10 миллион доллар. Компанияның жеке инвестициясы есебінен салынып жатыр.

Одан соң Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын кәсіпорындар көрмесін тамашалады. Өткен айда ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыттың құрылысы басталған. Қазақстандық инженерлер мен UMC Жүрек орталығы дәрігерлерінің донорлық органды сақтау уақытын ұзартуды көздейді. Ал Eira Med фармацевтикалық кешені медициналық бұйымдар импортын алмастырумен айналысады. Бұдан бөлек, Президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Соңғы 3 жылда компания 250-ден астам протез дайындап, 500 адамды Ottobock мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.

Ал бұл зауыт 2022 жылы іске қосылған. Содан бері 700-ден астам автокөлік шығарып үлгерді. Мұнда бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар коммерциялық автокөліктерге арналған қосымша жабдықтар өндірісі жолға қойылған. Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды.

KazPan сэндвич-панелдерін өндіретін зауыт жылына 1 млн 800 мың шаршы метр өнім шығарады. Бүгінде сэндвич-панелдер өнеркәсіптік, логистикалық, әкімшілік, спорттық және басқа да нысандардың құрылысын жүргізуде сұранысқа ие. Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретініне және еліміздің инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Президентке «Мыңжылдық» аллеясының даму жоспары таныстырылды

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Мыңжылдық» аллеясының ландшафтты даму жоспарын көрсетті. Саябақ қаланың оңтүстік бөлігіндегі 942 гектарды қамтиды. Сарайшық ауданындағы желілік аллея тұрғын үйлер кешені мен әлеуметтік нысандар, мектептер, теміржол вокзалы, скверлер, көшелер мен жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарының арасын жалғайды.

Оңғар Алпысбайұлы