Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қазақ драма театрын күрделі жөндеуге қаралған 2,9 млрд теңгеге асыра бағаланған сметаны анықтады. Екі жылдан бері жөндеуге жабық тұрған қазақ драма театрында құрылыс жұмысы енді басталды. Бастапқыда жоба құны 3 млрд теңгеге жуықтады. Кейін құзырлы органдар құжаттаманы тексеріп, ұсыныс түсірді. Қазір жөндеу жұмыстары 1 млрд теңгеге жуық қысқартылды. Атап айтқанда, кафель ауыстыру сияқты кейбір жұмыстар жасалмайтын болды. Құрал-жабдықтардың бағасы арзандатылды. Театрдың, бірінші кезекте жаңбыр жауса, суға толатын жертөлесі жөнделеді. Инженерлік желілер жаңғыртылады. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.
Мұратбек Қасымов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары:
Мемлекеттік сатып алу порталында қазақ драма театрының ғимаратына күрделі жөндеуге жоспарланған 2,9 млрд теңге мөлшерінде асыра бағаланған смета анықталды. Департаменттің ұсынысымен уәкілетті мемлекеттік орган аталған жобаны қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізді. Бұл 980 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалмауына мүмкіндік берді.
Ардақ Мұратқызы