«Сүйіктіме» – мыңдаған жанды тебіренткен, жүрекке жол тапқан туынды. Бұл ән қалай дүниеге келді? Әннің композиторы әрі орындаушысы, «Жігер» тобының мүшесі Қанат Елікбаев El.kz-ке баяндап берді.

Ән қалай жазылды?

Бұл әннің тарихы 2004 жылдан бастау алады. Ол кезде Қанат М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде білім алып жүрген студент болатын. Бір күні университет ішінде таратылатын студенттік газетті парақтап отырып, ерекше бір өлеңге көзі түседі.

Газеттен «Сүйіктіме» атты өлең шумағын тауып алдым. Авторы Бақытжан Әліқұлов екен. Ол кісіні танымаймын. Бірақ өлең жолдары өте әсерлі, теңеулері керемет еді, – деп еске алады Қанат Елікбаев.

Бұл өлең Қанаттың жүрегінде жүрген сезімге дәл келген. Сол кезде ол болашақ жары Айнұрмен әлі қыз-жігіт болып жүрген жоқ еді. Бірақ екеуі оқудан күнде бірге қайтатын, бірге кітапханаға барып, бос уақытты қатар өткізетін. Алайда ешқайсысы сезімін ашық айтпаған. Тек іштей ұнатып жүрген.

«Сүйіктіме»: қазақты жылатқан «Жетімдер» фильміндегі ән қалай жазылды?

«Сүйіктіме»: қазақты жылатқан «Жетімдер» фильміндегі ән қалай жазылды?

Суреттер: Қанат Елікбаев

Мен оған «сүйемін» деп те айтпаппын. «Қызым бол» деп те сезімімді білдірмедім. Ол да маған «сүйемін» демеген. Бірақ екеуміз студенттік кезді дос болып өткіздік. Күнде бірге жүрдік, – дейді әнші.

Осы орайда Қанат бір қызық оқиғаны еске алды.

Бір күні ауа райы бұзылып, қар, боран болып кеткенде, қалтамдағы тойдан тапқан 500 теңгені таксиге жұмсап, Айнұрды үйіне шығарып салдым. Өзімше бір жігіттік қадам жасағандай болдым. Іштей қуанып, үйге су-су болып, жаяу қайттым, – дейді ол.

Осы жағдай олардың махаббатын нығайта түскендей болды. Үйге келген соң қайтадан «Сүйіктіме» деген өлеңді оқиды. Жатса да, тұрса да, ойы – Айнұрда. Сөйтіп, қолына гитара алып, алғашқы аккордтарды тарта бастайды.

«Артық болмас сен арайлы күн десем» деп басталатын жол шабыт берді. Бірден әннің әуені шықты. Шабыт керемет ашылды. Бұл өлең өз сезімімді әнмен жеткізуге себеп болды, – дейді Қанат.

«Сүйіктіме» қалай хитке айналды?

2006 жылы бір күні «Жігер» тобы демеуші әрі продюсері Шолпан Жүнісәлімен ән жаздыртуға келеді. Сөйтіп продюсер топтан «қандай авторлық әндерің бар?» деп сұрайды.

«Сүйіктіме»: қазақты жылатқан «Жетімдер» фильміндегі ән қалай жазылды?

Сурет: Қанат Елікбаев

Қанат көп ойланбастан гитарасын алып, «Сүйіктіме» әнін орындайды.

Гитараны қолыма алып, айтып бердім. Шолпан апай тыңдады да «басқа ән жазбаймыз. Міне, нағыз хит! Менің айтқанымды тыңдаңдар!» деп айтты, – дейді Қанат.

Осылайша, әнге аранжировка жасау Павел Ли есімді кәсіби маманға тапсырылады. Ал әннің жазбасы әйгілі «Музарт» студиясында жүзеге асады. Әуені дайын болған соң, ән бірден радиолардан беріліп, тыңдарман жүрегіне жол тартады.

Басында басқа ән жазайық деп келгенбіз. Бірақ продюсеріміздің көрегендігі – «Сүйіктіме» әнінің бағының ашылуына себеп болды, – дейді ол.

Бұл әнге бейнеклипті «Хабар» агенттігі 6000 АҚШ долларға түсіріп береді. Режиссёрі Мұрат Бидосов басты рөлдегі кейіпкер қызды өзі таңдаған. Осылайша клип дайын болған соң, теледидар арқылы көрсетіле бастайды.

Өлеңнің авторымен танысқан сәт

Ән кең тарап, хитке айналғаннан кейін Бақытжан Әліқұлов Қанатқа өзі хабарласады. Бұған дейін екеуі таныс емес болатын.

Телефон нөмірімді тауып, өзі хабарласты. «Сенің шығарған нұсқаң маған ұнады» деп қуанды. Бұрын бұл өлеңге басқа әуен жазылып, оны Жанболат пен Жазира орындап жүрген екен. Бірақ халыққа менің нұсқам көбірек ұнады, – дейді әнші.

Қанат ол кісіден өлеңнің кімге арналғанын сұрамаған. Бірақ сөздерінің тереңдігі – ақынның өз ішкі сезімінің көрінісі екенін аңғартады.

Бақытжан аға бізден жасы үлкен, бойдақ еді. Мүмкін, махаббатын іздеп жүргенде болашақ жарының бейнесін елестетіп жазған болар. Себебі сөздері өте нәзік, терең. Бірден жүрекке жетті, – дейді ол.

Кейіннен Бақытжан Әліқұлов Қанаттың басқа да әндеріне сөз жазып береді. Шығармашылық байланыс басталып, жақсы қарым-қатынасқа ұласады.

Әннің «Жетімдер» фильмі арқылы таралуы

2007 жылы режиссёр Еркін Рақышев «Жетімдер» атты фильмін түсіреді. Ол Қанатқа хабарласып, осы әнді киноға қосқысы келетінін айтады.

Мен бастапқыда таңғалдым. «Махаббат туралы әннің жетім балалар туралы фильмге не қатысы бар?» деп сұрадым. Ол кісі маған «сен менің режиссёрлік көзқарасымды қазір түсінбейсің. Кино шықсын, сонда көресің» деді, – дейді Қанат.

Кино экранға шыққанда, бәрі өз орнын тапты. Оқиға желісіне сәйкес, Арман мен Аружан есімді екі бала – бақытты отбасында өскен, сүйіспеншілікке толы өмір сүріп жатқан еді. Алайда жол апатынан кейін ата-анасынан айырылып, жетім қалып қиналады. Сол сәтте олар бір дәмханада отырып, дәл осы «Сүйіктіме» әнін естиді. Ән олардың жүрегіне жетіп, ата-аналарымен бірге болған жылы сәттерді есіне түсіреді.

Фильмдегі сол көріністе біз ән айтып тұрамыз. Балалар әнді естіп, көздеріне жас алады. Сол эпизодта әннің адам жанына қалай әсер ететінін нақты сезіндім, – дейді Қанат.

Жүректен шыққан туынды жүрекке жетті

«Сүйіктіме» – бір әннің тарихы ғана емес, ол – ішкі сезімнің, достықтан басталған махаббаттың музыкалық көрінісі. Бұл ән арқылы Қанат Елікбаев өз жүрегіндегі нәзік сезімді сөзбен де, сазбен де жеткізе білді.

«Сүйіктіме»: қазақты жылатқан «Жетімдер» фильміндегі ән қалай жазылды?

Сурет: Қанат Елікбаев

Сол кездегі сезім – қазір де есімде. Өмірдегі ең шынайы сәттер ән арқылы халықпен бөліскенде, оның құны арта түседі екен, – дейді Қанат Елікбаев.

Қазір бұл әннің әр жолы, әр әуені тыңдарман жүрегіне жол тауып, әлі де тыңдаушыларын қуантып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін «Жігер» тобының «Сен – менің бақытымсың» әнінің қалай хитке айналғаны туралы жазған едік.