Шымкент әуежайына Египет астанасы Каирден ұшқан эвакуациялық әуе борты келіп қонды.
Арнайы жіберілген рейспен 24 отандасымыз бен Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің 13 азаматы аман-есен оралды. Израилдегі азаматтарды елге жеткізуге Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Тегеран, Ашхабад, Баку және Еревандағы елшіліктерінің үйлестіруімен жүзеге асты. Олардың қатарында студенттер мен туристер, сондай-ақ іскерлік келісім жасасуға барғандар бар. Сала мамандарының мәліметінше, осымен Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтады. Жалпы Израильден 103 адам эвакуацияланса, Ираннан 233 ел тұрғыны жеткізілген. Сонымен қатар 23-25 маусым аралығында әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген көптеген азаматтар елге уақытылы орала алмады. Бұл елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, 1900-ден астам отандасымыз елге қайтарылды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі елшіліктері аймақтардағы жағдайды тәулік бойы бақылауға алып, қажетті консулдық қолдау көрсетуді жалғастыра береді.
Бэлла Бродская, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бұл менің Израильде көрген алғашқы соғысым емес. Бірақ ішіндегі ең қорқыныштысы болды деп айта аламын. Біз ондайды күтпедік. Түнгі үште «Иранмен соғыс басталды» деген хабарлама алдық. Алғашында жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбедік. Кейін зымырандар ғимараттарды қиратты. Газа секторына жақын жерде тұрамын. Колледж студентімен. Шынымды айтсам, Қазақстан эвакуациялық рейс ұйымдастырғанына қатты қуандым. Бұл біз үшін үлкен сенім мен мүмкіндік болды.
Олег Лавриненко, Бішкек қаласының тұрғыны / Қырғызстан/:
- Израильге бар болғаны бір аптаға ұшып барған едім. Қайтар рейсім 18-іне жоспарланған. Алайда белгілі бір жағдайларға байланысты барлық рейстер тоқтатылып, отбасыммен бірге сол жақта қалып қойдым. Қырғызстан Республикасының Құрметті консулы мен Қазақстан Республикасының елшілігі, соның ішінде Мысырдағы елшіліктің көмегімен эвакуациялық рейс ұйымдастырылды. Барлығына көп рақмет!
Захар Каукин, Алматы қаласының тұрғыны:
- Израильдегі елшілік арқылы қонақүйге жайғастым. Кейін олар шекарадан өткізіп, Каир арқылы Қазақстанға жеткізді. Көп рақмет. Өте қуаныштымын. Соғыс болып жатқан елде бізге өте қорқынышты болды. Осы қиындықтарға қарамастан жедел шешім қабылдап, көмектескен жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.