Шымкентте қан қысымы жоғары жандар дәрігерге жиі жүгіне бастады. Жедел медициналық қызметке тәулігіне 2000-нан астам шақырту түскен. Төтенше жағдайлар қызметі өрттің де көбейгенін мәлімдеп , қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Аптап ыстықтан сая іздеген көпшілік өзен-көлдер мен субұрқақтарды жағалап кетті. Әсіресе, Қошқарата жағаулауында адам қарасы қалың. Бұлақ бастауында жасы да жасамысы да таңсәріден суға түсіп, салқындауға көшкен.

Маржан Жүсіпбекова, қала тұрғыны:

- Бізде соңғы күндері қатты ысып жатыр. 40 градустан асып жатқан сияқты. Көбінесе кондиционер қосып, үйден шықпауға тырысамыз немесе осылай шомылу аймақтарына келеміз.

Раушан Досымова, қала тұрғыны:

- Соңғы екі аптада өте қатты ыстық болды. Менің өзімде де үлкен проблема болды қан қысымына қатысты. Ыстық қала. Айтары жоқ, өте ыстық.

Жедел жәрдем қызметінің мәлімдеуінше, аптап ыстық созылмалы ауруы бар жандарға ауыр тиген. Дәрігерге қан қысымы жоғары тұрғындар жиі қаралған. Төтенше жағдайлар департаментінде де күннің күрт ысуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Диспечерлер тәулігіне орта есеппен 30 қоңырауға дейін қабылдайды. Қора-жайлардың жануы, автокөліктің өртенуі және құрғақ шөптің отқа орану сияқты шағыммен 992 шақырту түскен.

Нұрболат Педен, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Электр құралдарын дұрыс пайдаланбау, электр құралдарын монтаждау кезінде жұмыстарды дұрыс жүргізбеу. Күннің ыстығының ыстында жәймен күйрей береді. Қарапайым талаптарға көңіл бөлу керек.

Аптап ыстықты алдын алу мақсатында 86 субұрқақ іске қосылды. Кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі фонтандар да тексеріліп, бірыңғай жүйеге келтірілді. Қала билігі коммуналдық техникаларды пайдаланып, көшелерді сумен бүркуге кірісті. Одан бөлек, арық-атыздарға су жіберіліп, микроклимат қалыптастырылды.

Мұрат Әбдірахманов қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- «Жаңа шек» және «Шымкент каналдары» арқылы 200-250 литр/секундына суды жіберіп, біздің қаланың 30-35%-ке жуық көшелеріне су жібердік.

Келесі жылы қаланың жоғарғы бөлігінде микроклимат қалыптасады. Ол үшін ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, қосымша «Кәусар» каналы қазылады. Ал синоптиктердің болжамынша апта соңына қарай ауа температурасы 40 С-тан жоғары болмақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов