Қостанай облысының Диев және Құсмұрын ауылдарына табиғи газ құбыры тартылып жатыр.

Жұмыс жыл соңына дейін аяқталады — дейді жауаптылар. Егер жоспар орындалса, келер жылы елді мекен тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре бастайды.

Әулиекөл ауданының Диев ауылына газ құбырын тарту жұмыстары былтыр басталған. Биыл аяқталуға тақады. Енді тұрғындар үйге кіргізер сәтті тағатсыздана күтіп жүр.

Айнұр Қойбағарова, Диев ауылының тұрғыны:

- Үй жағдайында қала сияқты, душевой, раковина, унитаз дегендей, автомат дегендей уже барлығы бар. Тек газ келсе, керемет болатын еді.

Ал Құсмұрында қазір қызу жұмыс. Бірден үш бригада ауылдың әр тұсынан көше бойлатып, құбыр тартып жатыр. Бұл жерде туындаған бір қиындық, жер астында құбыр, кабель желілерінің көптігі. Сондықтан аса мұқияттылық қажет. Осы күнге дейін Құсмұрындағы 58 көшенің 30-на газ құбыры өткізілген.

Қабидолла Әбжанов, Құсмұрын кентінің әкімі:

- Енді биыл бұйырса, күзде газды қосамыз деп жатыр тұрғындарға. Ал мына жақтағы жұмыстар жалғасып, биыл да және 2026 жылы аяқталады. 0121 Жекеменшік осындай тұратын үйлерге, әрбір үйге өткізіледі. Ал енді көпқабатты үйлерге енді үстінен газ өткізіледі. Үйдің алдына жақындатады да, құбырларын сосын әрбір пәтеріне өткізеді.

10 мыңға жуық тұрғыны бар іргелі елді мекеннің табиғи газбен қамтылуының экономикалық-әлеуметтік маңызы зор.

Әлімғазы Ғабдуғалиев, Құсмұрын кентінің тұрғыны:

- Биыл не ендігі жыл газ қосамыз деп жатыр. Сол қосса, құдайдың рахаты болады енді. Почти қалада тұрғандай боламыз. Қазір центральный водоснабжение бар, центральный канализация бар, енді газ келсе, халық өте риза болады.

Әулиекөл ауданы бұл қос елді мекенмен шектеліп қалмақ емес. Келесі кезекте тағы бір тірек ауылды табиғи газ желісіне қосу жоспарланып отыр.

Рустам Жұмағали, Әулиекөл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және АЖ Бөлімінің басшысы:

- Бұдан бөлек Новонежин ауылына газ тарту жобасы әзірленді. Біржола сол аумақтағы бірнеше елді мекендерді қамту ойымызда бар. Жақында бұл жоба экологиялық сараптамадан өтті. Қазір тағы сараптамада қаралып жатыр.

Облыс бойынша 501 елді мекеннің 84-і көгілдір отын тұтынып отыр. Биыл өңірде Қостанайдан Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кентіне дейін газ құбыры магистралін салудың жобасын әзірлеу жоспарланған. Бұл 24 мыңға жуық ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг