Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы 14 шілде күні ашық өтеді.

Бұл жайында бүгін елордада өткен алдын ала тыңдауда судья Каримов хабарлады. Ал кейбір сот тыңдаулары жабық өтуі мүмкін. Себебі қарауда банк есепшоттары, жеке деректер сияқты құпия мәліметтер бар. Оларды сақтау — заң талабы. Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен алдын ала тыңдауға айыпталушының өзі Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева, Сонымен қатар мемлекеттіу айыптаушы, қорғаушылар, зардап шегушілер, куәгерлер, өзге де тараптар қатысты. Жалпы қылмыстық іс 100-ден аса томнан тұрады, материалдың көлемділігіне байланысты сот отырыстары әр дүйсенбі, сейсенбі күндері өтеді. Тергеу барысы жайында бұған дейін де айтқанымыздай, биыл 14 наурызда Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның әрекеттері сарапталып, олар аса ірі көлемдегі алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша күдікті деп танылған. Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу қорытындысын жариялады. Онда белгілі болғаны, Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында көп рет қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықты ақша жинауға шақырған. Бұл қаражат мұқтаж балаларға, Палестина халқына және еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған. Жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгеге жетеді.

Сабыржан Каримов, Астана қ. қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

- Сот отырысын толық көлемде жабық өткізуге негіздеме жоқ. Алайда банктік құпия мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету үшін Сот сот ісін қарау барысында айыпталушылардан жауап алу кезіндегі жариялылықты шектеу жөнінде шешім қабылдады. Сонымен қатар бұл ереже жеке деректерден тұратын түсініктеме берген жағдайларда да сақталады.