Қостанайда пациент соққыға жыққан дәрігерді санитарлық авиациямен елордадағы жедел медициналық көмек көрсету орталығына жіберуге дайындап жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Медициналық қызметкерлер зардап шеккен хирург-уролог Антон Кистановтың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
"Дәрігер жабық бас-ми жарақатын, мидың ауыр дәрежелі соққысын алған. Оң жағында жедел субдуральды қан құйылу, сол жақтағы артқы бас сүйек шұңқыры негізінің жабық сызықтық сынуы (желке сүйегінің сынуы), оң жақ төменгі еріннің шырышты қабығының соғылған жарасы және желке тұсындағы жұмсақ тіндердің соғылған жарақаты бар. Шұғыл көмек көрсетіліп, телемедициналық консультациялардан кейін бүгін Антон Кистановты санитарлық авиациямен Астанаға, жедел медициналық көмек орталығына жіберу туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады Қостанай облыстық ауруханасының баспасөз қызметі.
Зардап шеккен хирург-уролог Антон Кистанов облыстық ауруханада 6 жылдан бері жұмыс істейді. Ол – 34 жаста, ондаған адамның өмірін құтқарған. Үйінде оны жас жұбайы мен жаңа туған қызы күтіп отыр.
Облыс прокуратурасында хирургке шабуыл жасаған адамның ұсталғаны хабарланды. Оны қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл оқиғаға облыс әкімі Құмар Ақсақалов та пікір білдірді. Ол жағдайды Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен талқылаған. Қостанай облысындағы ірі медициналық мекемелерге күзет бекеттерін орнату туралы шешім қабылданды.
"Ең алдымен бұл – облыстық және қалалық ауруханалар. Күзетті полиция департаментінің арнайы күзет қызметі қамтамасыз етеді. Бұл – ІІМ құрамына кіретін мемлекеттік құрылым. Бекеттер аурухана ішінде тұрақты негізде жұмыс істейтін болады. Медицина қызметкерлері жұмыс орнында өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Олар өз еңбектерінің қорғалғанын білуі тиіс", – деді өңір басшысы.
Еске салайық, кеше Қостанай облыстық ауруханасында хирург дәрігерді пациент аяусыз соққыға жыққан болатын. Дәрігер кезегін күтуден бас тартқан науқастың соққысынан есінен танып қалған. Қазір дәрігер жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр деп бағаланған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!