Павлодар қаласында патрульдік полиция қызметкерлері есірткі қабылдап алған екі жүргізушіні ұстады. Құқық қорғаушылар олардың әрекеттерін дер кезінде тоқтатып, арнайы сараптама арқылы заңбұзушылық фактісін растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, бірінші оқиға таңертең Камзин көшесінде тіркелген. Chevrolet Cobalt көлігін басқарған ер адамда:
- Қозғалыс координациясы бұзылған,
- Реакциясы баяу,
- Мінез-құлқы – агрессивті және түсініксіз болған.
Жүргізуші медициналық мекемеге жеткізіліп, есірткі қолданғаны анықталды.
Кешке қарай Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында Lada Granta автокөлігін жүргізіп келе жатқан екінші адам ұсталды. Оның да көлік жүргізу мәнері полицияға күдік тудырып, сараптама нәтижесі наркотикалық зат қолданғанын растады.
Екі жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктері арнайы айыптұрағына қойылды. Материалдар сотқа жіберілген.
Павлодар облыстық полиция департаменті мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері өңірде 873 адам мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған, оның ішінде 370-і Павлодар қаласында тіркелген.
«Павлодар полициясы азаматтарды жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мұндай құқықбұзушылықтар – барлық қатысушылар үшін үлкен қауіп», – делінген департамент хабарламасында.