Астаналық құтқарушылар субұрқақтарда шомылудың қаншалықты қауіпті екенін еске салды. Себебі бұл құрылғыларда суды сүзгіден өткізу және тазалау жүйелері қарастырылмаған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Құтқарушылардың айтуынша, субұрқақтарда механикалық жарақат алу қаупі жоғары, себебі олардың беті тегіс емес, су ағындары, декоратив элементтер, сондай-ақ олардың ішіне орнатылған құбырлар мен сорғылар жарақат тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, көптеген субұрқақ жарықтандыру және басқа да электр жабдықтарымен жабдықталған, ал одан тоқ соғуы мүмкін.

Сол себепті барлық субұрқақта шомылуға тыйым салынғанын білдіретін арнайы белгілер орнатылған. Субұрқақ – қаланы көріктендіру элементтері. Олар ауаны ылғалдандыруға және эстетикалық мақсаттарға арналған.

Бұл құрылғыларда суды сүзгіден өткізу және тазалау жүйелері қарастырылмаған.

"Субұрқақтар қоғамдық орындарда орналасқандықтан, олардың суы тез ластанады: ішіне қоқыс, жапырақ, шаң-тозаң, жәндіктер түседі. Онда жануарлар мен құстар да шомылуы мүмкін, ал олар түрлі инфекциялардың тасымалдаушысы. Су – вирустар мен бактериялар үшін қолайлы орта. Ал ауа температурасының жоғары болуы микроағзалардың тез көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан онда шомылуға ғана емес, тіпті қолды немесе жеміс-жидекті жууға да болмайды", – деп ескертті Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев.

Зертханалық талдаулардан мұндай суда энтеро және ротавирустар, ішек таяқшалары, сальмонеллалар мен шигеллалар (дизентерия қоздырғыштары) сияқты жедел ішек инфекцияларын қоздыратын патогенді микроағзалар болуы мүмкін екені анықталған. Әсіресе бауырды зақымдайтын және оның қызметіне ауыр нұқсан келтіретін А гепатиті вирусынан сақ болу керек.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget