2025 жылдың алғашқы жартысында Қытай Қазақстанға 77,6 мың автокөлік экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Нәтижесінде Қазақстан қытайлық көліктердің ең ірі импорттаушыларының жаһандық рейтингінде 10-орынға шықты. Мұндай деректерді Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығы жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ал Қазақстанға жеткізілімдер өсіп жатқанда, Қытайдың Ресейге экспорты күрт төмендеді — 59%-ға азайып, 171 мың автокөлікке түсті. Бұл негізгі нарықтардың ішіндегі ең ірі құлдырау болып отыр. Себептердің қатарында автонесиелер бойынша мөлшерлемелердің өсуі мен утилизациялық алымдардың қымбаттауы аталады. Сондай-ақ, Бразилияға жеткізілім 7,9%-ға азайды. Есесіне, Мексика мен БАӘ-де импорт көлемі тиісінше 31% және 59%-ға артты.
Жалпы, Қытай жарты жылда 3,08 млн автокөлік экспорттады. Оның ішінде 1,06 млн-ы — электрқозғалтқышпен жүретін көліктер (NEV). Негізгі үлесті Chery (544 900 бірлік) және BYD (443 100 бірлік) компаниялары қамтамасыз етті. BYD жеткізілім көлемін бірден 118%-ға арттырды.
Айта кетсек, Қазақстанда қытайлық автокөліктерге сұраныс артқанымен, олардың сапасына қатысты шағымдар да көбейген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2024 жылы 57 шағым тіркеген. Кейбір жағдайда сатып алушылар сот арқылы ақшасын қайтарып немесе көлікті ауыстырып алған.