Оралда VIII облыстық «Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындары басталды.

Төрт жылда бір өтетін сайыста ауыл-аймақтан келген 1 100 спортшы спорттың 15 түрінен сынға түсіп жатыр. Салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауыл спортын дамытуда аймақта ауқымды істер атқарылып жатқанын атап өтті.

Орал өңірінде дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың саны 286 мың адамды құрайды, яғни облыс халқының 41%. Байрақты бәсекелерде атойлап олжа салып, ел намысын қорғап жүргендердің де айтарлықтай бөлігі ауылдан шыққаны аян. Сондықтан ауыл спортын қолдауға айрықша мән береміз, — деді салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев. Күні бүгін барлық аудан орталықтарында спорт кешендері бой көтерген, тағы 14 үлкен ауылда жаңа нысандар салынуда.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- IV Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы «спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі», — деп айтқан болатын. Сондықтан да ауылдық жерлерде балалардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасайтын боламыз. Өздеріңіз куәсіздер, соңғы 2-3 жылда қаншама спорт кешені ашылғанын.

Төрт жылда бір келетін ауыл спорты ойындарына 12 ауданнан 1 100 спортшы келіпті. Олар ұлттық спорт түрлерінен және волейболдан, үстел теннисінен шағын футболдан кім мықтыны анықтайды.

Серік Тоқмамбетов, Сырым ауданы командасының жетекшісі:

- Елдің намысы мен аудан халқының жүгі тұр. Сондықтан әр қатысушы өзіне үлкен жауапкершілік алып, жоғары деңгейдегі дайындықпен қатысады. Бұл жастарымызға, өскелең ұрпаққа үлкен сенім береді.

Ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамытып, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға арналған «Ақ бидай» ойындары 9 тамыз күні өз мәресіне жетпек.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, 24 KZ