Ақтөбе облысында биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жалпы өңірлік өнімнің өсімі 104,3 пайыз болды.
Өнеркәсіп саласында 924 млрд 600 млн теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 61,4 млрд теңгеге жетті. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуына оң баға берді. Ол облыстың белсенді азаматтарымен, жастармен, ұстаздармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылады.
Биыл Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқынды. 14 мектеп пен 11 медицина нысанының ғимараты қолданысқа беріледі. Биыл 10 ауылға ауыз су, 24 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев бұл жұмыстарды оң бағалап, Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелердің де маңызына тоқталды.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Президенттің ұлттық құрылтайда көтерген мәселесі – ол заң мен тәртіп. Заң мен тәртіпке бағынатын қоғам, заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру қазір мемлекеттің алдында тұрған ең үлкен міндет болып отыр. Әділетті Қазақстанды құру сіздер мен біздердің басты міндетіміз.
Президент кеңесшісі студенттермен де жүздесті. Бүгінгі таңда облыс жастарын қолдау мақсатында 12 бағыт бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 512 миллион теңге бөлінген. Негізгі басымдық — жұмыспен қамту, бизнес бастамаларды қолдау, құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және жастар ұйымдарын қолдауға бағытталды.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Ақпараттық технология дамыған заман. Бүгін цифрлық технологиялар дамып тұрған заман. Сондықтан да мұндай кезде де қарап отырмыз түрлі-түрлі проблемалар, бұрын соңды болмаған мәселелер қайтадан туындап отыр. Сондықтан да соның барлығын рет-ретімен шешу бұл мемлекеттің тікелей назарындағы мәселе. Президентіміз әсіресе жастардың болашағына үнемі алаңдайды. Оны сіздер жақсы білесіздер.
Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы жүктеген тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен орындалып келетіндігін атап өтті. Облыс әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда.
Мансұр Есқожин, Айбек Даутов