Сақтандыру нарығындағы өмірді сақтандырудың үлесі 55 пайызға жетті. Мұндай компаниялардың қазіргі табысы 1,9 трлн теңге. Қарапайым азаматтардың өз өмірін сақтандыруға талпынуына не себеп?
Жылдың алғашқы жартысында өмірді сақтандыру компанияларының активтері 13 пайызға артып, 1,9 трлн теңгеге жетті. Мұндай компаниялардың қызметіне сұраныс өсіп жатыр. Әсіресе ірілері ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдерін ұсынуға машықтанып алған. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының есебіне сүйенсек, өмірді сақтандырумен айналысатын 10 компанияның үшеуі активтердің 73 пайыздан астамын қамтып отыр. Ал жалпы өмірді сақтандыру сегментіндегі сыйақылар шамамен 26 пайызға өскен. Сөйтіп, алғашқы жарты жылда 478 млрд теңгеден асты.
Өмірін ерікті сақтандыратындар көп
Биыл өмірді сақтандыру компанияларымен жасалған келісімдер саны 5,7 млн-ға жетті. Бұл былтырғы жартыжылдықтағы көрсеткіштен 26%-ға көп. Әсіресе жеке клиенттердің үлесі 99 пайызға артқан. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева өмірін ерікті сақтандыратындардың қатары артып келетінін айтады. Жыл басынан бері мұндай сақтандыру сыйақылары 390 млрд теңгеден асты, яғни 30 пайызға көп. Бүгінде елде өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түріне кепілдікті кеңейту жайы қарастырылып жатыр.
Мария Хаджиева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
- Мұндай шаралар сақтандыру өнімдеріне деген қызығушылықты арттырады. Бұл сәйкесінше азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне кепіл әрі оларды ұзақ мерзімге ақша жинауға ынталандырады. Биыл біз сақтандыру қызметін пайдаланушылардың құқығын қорғауға бағытталған шараларды кеңейтеміз. Мысалы, банктен қарыз алатындарға сақтандыру шығындарын азайту бойынша заңға өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Ол қазан айында күшіне енеді.
Өмірді сақтандыру талабы қандай?
Талапқа сай өмірін сақтандырған азамат сақтандыру жарнасын төлеп отыруға міндетті. Оқыс жағдай болса, сақтандырушы компания марқұмның туыстарына төлем жасайды. Сондай-ақ клиенттер уақытша жұмысқа қабілеттілігінен айырылса, ауруханаға жатқызылса, жарақат алса немесе мүгедектік берілсе, сақтандыру ақысын алуға құқылы. Мұндағы басты шарт төлем сақтандыру жинағынан аспауы керек. Жалпы тәуекел жоғарылаған сайын, сақтандыру жарнасы да жоғары болатынын ескеріңіз. Мысалы, жылына 50 мың теңге төлеп, өміріңізді 1 млн теңгеге сақтандыра аласыз. Ең бастысы сақтандыру полисін онлайн рәсімдеуге болады.
Жеке тұлғалармен жасалатын шарт көбейді
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары бірінші жартыжылдықта өмірді сақтандыруға сұраныстың жаппай сегментке ауысқанын жеткізді. Бұған жеке тұлғалар тарапынан жасалатын шарттардың күрт көбеюі себеп. Яғни қарапайым азаматтар жеке өмірін сақтандыруға мән беріп жатыр. Бұл мүмкіндікті лайықты қартаюға дайындық деп бағалайтындар көп. Мамандар екінші жартыжылдықта да аннуитеттік өнімдерге сұраныс тұрақты түрде артатынын болжайды.